Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Егіндікөл орта мектебінде үздік оқитын оқушылар әр тоқсан сайын шәкіртақы алады. Қасиетті өлкеде туып-өскен белгілі жазушы, аудармашы Құрманғазы Қараманұлы және ветеринария ғылымының докторы, профессор Мәлік Шәлменов көп жылдан бері осындай игі істі қолға алған. Өнегесімен үлгі бола білген ағалармен тілдесудің сәті түсті.
Егіндікөлдегі мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Надежда Аманшинаның айтуынша, 16 жыл ішінде бұл сыйлыққа 546 оқушы ие болған. Оның ішінде Құрманғазы Қараманұлының шәкіртақысын 480 оқушы алса, профессор Мәлік Шәлменұлы атындағы шәкіртақы иегерлерінің саны - 66.
- Құрманғазы Қараманұлы әр тоқсан сайын аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жоғары нәтижеге жеткен 10 оқушыға 1000 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындады. Сөйтіп 4 тоқсан бойынша 40 оқушы сыйлық иегері атанып отырды. Ал Мәлік Шәлменұлы үш оқушыға тоқсан сайын 10 000 теңгеден ұсынды.
Шәкіртақы тағайындауда арнайы құрылған комиссия бар. Ағалардың сыйлығына облыстық, республикалық олимпиада жеңімпаздары, түрлі жанрдағы байқау жүлдегерлері, жоба жеңімпаздары ие болады, - дейді Надежда Аманшақызы.
Алматы қаласында тұратын Құрманғазы Қараманұлы туған жерінің нағыз патриоты. Жазушы өзі туған Егіндікөліне жиі келіп, сағынышын басады. Ағамыз бір сұхбатында «Алматының маңында өзен көп. Бірақ оның ешбірі менің Қалдығайтыма жетпейді. Қалдығайты – менің өмірім. Қалдығайтыдан əріректе тұрған шағылдың үстінен бір бөлмелі үй тұрғызсам деген арманым бар. Сол үйге жылма-жыл мамыр-қыркүйек айларында келіп тұрсам ғой, шіркін!» деген екен. Ағамыз туған жеріне деген жанашырлығын құр сөзбен айтып қоймай, іс жүзінде дәлелдеп жүрген жан. Ол 2002-2014 жылдар аралығында егіндікөлдік оқушыларға анасы Орынша атындағы шәкіртақы тағайындаған болатын.
-Шешем Ақорынша ауылдағы мектепте от жағушы, еден жуушы болып жұмыс істеді. Әкем соғыста қаза тапты. Бар ауыртпалық мойнына түскен шешем бір өзі бағып, өсірді. Анамның аты – Орынша. Әжем «Ақорынша» деп атап кеткен. Содан біз де солай деп кеттік.
Өстік, өндік. Енді топырағында аунап өскен, ер жеткен өлкеме қандай пайдамды тигізе аламын деп ойладым. Содан 2002 жылы оқуда озат, білімге құштар балдырғандарға анамның атындағы шәкіртақыны тағайындаймын деп шештім. Ауыл мектебінің сол кездегі директоры Махуза Айсағалиқызына осы ойымды жеткіздім, ол құп алды. Әр тоқсан сайын 10 оқушыға 1000 теңгеден шәкіртақы беріп тұрдым. Әрине, бұл көп те, аз да ақша емес. Балалардың қағаз-қаламына жетеді. Ниет, көңіл ғой. Біз де бала болдық. Оқушылар білім алуға талпынады. 2012-2014 жылдар аралығында 40 мың теңгеден мектепке жіберіп тұрдым. Ол кездерде аударма жасаймын, ақша бар. 2014 жылдан ол жұмыстарым аяқталып, шәкіртақы беру де уақытша тоқтады. Енді Алла амандығын берсе, келесі оқу жылынан бұл істі қайта қолға алғалы отырмын.
Мен кәсіпкер де, ауқатты адам да емеспін. Зейнеткермін. Менің дәулетім асып тұрса, 40 мың емес, 400 мың теңге берер едім. «Берсең – балаға бер», - дейді қазақ. Ол оқушылар - еліміздің ертеңі. Солардан ұлағатты ұстаз, ақ халатты дәрігер, экономист, ғалым шығады. Қазір тек оларды қолпаштап, ынталандырып отыруымыз керек, - дейді Құрманғазы аға.
Қарымды қаламгер туған мекеніне осыдан екі жыл бұрын келіп, бар уақытын Қалдығайты өзенінің бойында өткізген болатын. Ол той-томалақ, жиынға бас сұқпай, табиғат аясында болғысы келетінін айтады.
- Ауылға тыныш барып кетемін. Өзің білесің, ауыл халқы ерекше қонақжай. 15-20 үй қонаққа шақырып, дәм татқызғысы келеді. Солай уақыт өтеді. Алыс жолдан сағынып барған соң, табиғат аясында болғанды жақсы көремін. Осыдан екі жыл бұрын Қалдығайтының бойында 20 күн қондым. Ендігі арманым – Егіндікөліме тағы бір соңғы рет бару. Бұйырса деп отырмын, - деді ол.
Талапты шәкірттерге қолдау көрсетіп жүрген келесі бір азамат -өлкемізге танымал ғалым Мәлік Шәлменов. Ғалым ағамыз шәкіртақы тағайындауда Құрманғазы Қараманұлынан үлгі алыпты. Ұрпақтар сабақтастығы, азаматтардың елге жанашырлығы деген осы болса керек!
- Әр адамға туған жері ыстық. Егіндікөлде өсіп-өндік. Бала кезімізде Құрманғазы Қараманұлы, Қайыржан Хасанов деген ағаларымызға еліктейтін едім. Екеуі де ел сыйлайтын азаматтар. Құрманғазы ағамыз анасы Орынша апа атындағы шәкіртақы тағайындады. Содан үлгі алып, мен де неге осылай жасамасқа деп ойландым. Біз оқып жүргенде Ленин атындағы, Пушкин атындағы шәкіртақылар болды. Шамамыз жеткенше ынталанып, сол сыйақыларды алуға тырысатынбыз. Қазір сол үрдіс жалғасын табуы керек. Кішкене қолдап жіберсе, балалардың бойында шабыт, білуге, тануға деген құштарлық артады. Өзім ауылдағы мектепке 2012 жылдан бері жылына 120 мың теңге беріп келемін. Ол зерек, оқуда алғыр 12 оқушыға теңдей бөлінеді. Шәкіртақы тағайындағаныма биыл алты жыл болған екен. Бұйырса, он жылға жеткізбек ойым бар. Жұмысым бар, тек денсаулық берсін, - дейді Мәлік аға.
Мәлік аға қазір Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан облыстық аграрлық-техникалық университетінде профессор болып қызмет жасауда. Мал ауруларына қатысты семинарлар ұйымдастырып, ветеринарлық қызмет бөліміне дәріс оқып тұрады екен. Ғалым сонымен қатар мал ауруларына қатысты еңбекті қазақшалап жатқанын жеткізді.
Шәкіртақыға ие болғандардың ішінде дарынды балаларға арналған Сәкен Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернатында қызмет жасайтын Айымгүл Оралқызы да бар. Бір қызығы, Айымгүл талабымен ерекшеленіп, екі шәкіртақыға да ие болған екен.
- 10-сынып оқып жүргенде «Ақ Орынша атындағы», 2012 жылы «Мәлік Шәлменұлы атындағы» шәкіртақы иегері атандым. Сонымен қатар сол жылы «Жыл оқушысы» атағын жеңіп алдым. Мектепті бітірген соң, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-де оқыдым. Оқуымды үздік бітіріп, аудандағы мектеп-гимназияда бір жылдай жұмыс істедім. Болашақта алдыма мақсат қою үшін осы алған стипендиялардың орны ерекше болды. Мен ол ақшаны аудандық, облыстық жарыстарға қатысуыма мүмкіндік жасап берген ата-анама бердім. Студент кезімде қатар замандастарымнан шәкіртақы алдық дегенді естімеппін. Мен оны мақтанышпен айта аламын. Біз сияқты оқушыларға қолдау көрсетіп, қанаттандырған қос ағаға алғыс айтамын, - дейді Айымгүл.
Айта кетейік, Егіндікөл мектебінде 128 оқушы білім алуда. Мектеп жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Құрманғазы Қараманұлы, генерал-майор Рүстем Тынбаев, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ университетінің профессоры Мәлік Шәлменов, журналист Гүлзира Серғазиева сияқты азаматтарымен мақтана алады.
Айдана Хамидуллина
zhaikpress.kz