Жақында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласындағы Гүлнәр Мерғалиеваның бақша орталығына арнайы барып, кәсіпкердің жұмысымен танысты.
Жалпыхалықтық эко-челленджге айналған «Таза Қазақстан» акциясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен сәуір айында бастау алған болатын. Содан бері батыс өңірінде апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, қала көшелері абаттандырылды. Жыл басынан бері шаһарымызда 5 мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылды. Қаламызды шырайландыруға бағытталған жұмыстан кәсіпкерлер қауымы да шет қалмады. Солардың бірі – гүл өсіруші Гүлнәр Мерғалиева.
– Бүгін Гүлнәр Мерғалиева атындағы бақша орталығының ашылғанына 1 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында бақшамыз жайқалып, түрлі өсімдіктермен толықты. Бұл жерден қылқан жапырақты сәндік өсімдіктердің, әртүрлі бұталардың және көпжылдық гүл көшеттерінің түр-түрін табуға болады. Бұған қоса орталығымыздың ландшафты дизайнерлері тұтынушыларға өз қызметін ұсынады. Қалалар арасында және Қазақстан бойынша жеткізу де бар. Бұл жерде қала тұрғындары тынығып, жасыл-желектің арасында бой сергіте алады, - дейді кәсіп иесі.
Іскер келіншек сүйікті ісімен 10 жылдан бері айналысады. Өсімдіктерді күтіп-баптауға зор жауапкершілікпен қарайтын ол бір жылдың ішінде орталығын жандандырып, әсем гүлдердің сан түрін жайқалтқан. Іс-шараға арнайы барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев осындай бау-бақша орталықтары қаланың көркейіп, гүлденуі жолында маңызды рөл атқаратынын айтты.
Аружан Аманжол
zhaikpress.kz