Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев БҚО Бәйтерек ауданындағы Жайық-Көшім суландыру жүйесінің және Ақжайық ауданындағы Киров су қоймасының көктемгі су өткізу кезеңіне дайындығын тексерді. Бұл туралы облыс әкімі facebook парақшасында хабарлады.
«Жайық-Көшім суландыру жүйесіне сапарым барысында «Қазсушар» РМК филиалының мамандары су өткізу жүйесінің техникалық мүмкіндіктері және көктемгі су тасқынына дайындық барысы туралы баяндады. Жайық-Көшім суландыру жүйесінің бас нысандары: секундына 125 текшеметр су өткізу мүмкіндігі бар шлюз-реттегіші, секундына 250 текшеметр суды өткізу мүмкіндігі бар су тастағыш иммараты, ұзындығы 22 км құрайтын жеткізуші канал, суды ұстау дамбалары кіреді.
Бұдан кейін Ақжайық ауданы Тоған ауылдық округіндегі Киров су қоймасына бардым.
Қоймаға жақын жердегі магистральдық каналды механикалық тазарту процесін көріп қайттым. Бүгінде каналдың 8 шақырым аумағы тазартылған. Сонымен қатар бүгінгі күні облысымызда «Батыс Қазақстан облысы Жайық-Көшім ССЖ» Шаған тармағы және Көшім магистральды каналын механикаландырылған тазарту жұмыстары іске асырылуда, жоба аясында 48 км Шаған тармағының табиғи арнасы және 22 км Көшім магистральды каналының арнасы тазаланады. Бұл болашақта Жайық өзенінен судың Жайық-Көшім су жүйесіне құйылу деңгейін арттырады», - деп жазды облыс әкімі.
Қазіргі уақытта БҚО-да Киров су қоймасын жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Су жүйелері кеңес заманының 60-70 жылдарынан бері жаңғырту жұмысын көрмеген.
Былтыр жауапты Министрлік алдында осы мәселе көтеріліп, тиісті қаржы бөлінді. Осылайша, өткен ғасырда салынған су қоймалары мен нысандарын жаңғырту жұмысы алғаш рет жүргізіліп жатыр.
Нариман Төреғалиев сапарының қорытындысы бойынша жауапты мамандарға су тасқынының алдын алу бағытында барынша белсенді жұмыс жүргізуді тапсырды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі