24.04.2020, 20:03
Оқылды: 34

БҚО әкімі сыбайлас жемқорлықты алдын алуға қатысты бағыт-бағдарды атады

  Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі аймақтық комиссия отырысы өтті.

DDEE6CBF-6B7A-4CA3-9384-AC8A88EBF98C

Оған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Рүстем Ақмырзаев, Орал қаласы мен аудан әкімдері және облыстық басқарма басшылары онлайн режимде қатысты.

Комиссия отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар талқыланды. Бағынышты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының орнынан түсу институтын жетілдірудің маңыздылығы аталып өтілді. Жаңа заңға сәйкес бірінші басшы өзіне тікелей бағынышты тұлғасына қатысты соттың айыптау үкімі күшіне енгеннен соң, күнтізбелік 10 күн ішінде немесе ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс тоқтатылғаннан кейін отставкаға кетуі міндетті.

Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Рүстем Ақмырзаев қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында агенттік бастамасымен құрылған ақпараттық-ағартушылық штабының, Волонтерлер жылы аясында «ADAL KÓMEK» жобасына және «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің атқарып жатқан жұмысын баяндап, осы жобаларды жүзеге асырудағы кемшіліктерді талқылады.

БҚО әкімі Ғали Есқалиев шенеуніктерге қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін жауапкершілік зор екенін ескертіп, жергілікті атқарушы құрылымдар басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді

– Тұрғындар арасынан беделді адамдарды тарта отырып, ауылдық округтерде ақпараттық-ағартушылық штабтар құрылуы тиіс. Қалалар мен аудандардағы мекемелер ғимарат ерекшелігін ескере отырып, «Open space» үлгісіндегі кеңселер жасақтасын. Аудан әкімдіктері «Ашық әкімдік» жобасы бойынша қоғамдық қабылдау алаңын іске қосуды аяқтасын. Жер телімдеріне қатысты мүдделер қақтығысы болуда. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бірі. Жер кодексіне сәйкес жер комиссиясы құрамын өзгерту мәселесі қайтадан қаралып, комиссия қатарына үкіметтік емес ұйым мүшелері енуі тиіс. Жер комиссиясының отырыстары интернет арқылы онлайн режимде жүргізілсін. Шыңғырлау және Бәйтерек аудандарының жер комиссиясының қызметі бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты ішкі талдау жасалсын. Кейбір қызметкерлер басшыларының ЭЦҚ-сын пайдаланып, жемқорлық фактілеріне жол берілуде. Осындай жағдайлардың алдын алу, қаржыны тиімді пайдалану, штаттық бірлікті үнемдеу мақсатында облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы мен қала және аудан әкімдіктері бірлесіп, мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыруға байланысты ұсынымдарды дайындасын. Цифрлық жүйе мемлекеттік қызмет ашықтығын қамтамасыз етеді. Мысалы, қаладағы мектептерде «Е-Асхана» жобасы жүзеге асуда. Қала және аудан әкімдіктеріне халыққа қызмет көрсету салаларын толық цифрландыруды тапсырамын. Жыл соңында осыған қатысты қолға алынатын шаралар туралы әкімдер есеп береді, – деді Ғали Есқалиев.

Облыс әкімі мекеме басшыларының 15-20 жыл бойы тізгінді ұстап отыруын сыбайлас жемқорлыққа жол беретін фактордың бірі ретінде атады. Білім, денсаулық, спорт салаларында және квазимемлекеттік секторда бес жылдан артық қызмет еткен шенеуніктерді ротациялау жүзеге асатынын мәлімдеді.

 Айта кетейік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2020 жылдың 1 тоқсанында 65 қылмыс дерегін анықтады. Оның 61-і сыбайлас жемқорлық қылмысына қатысты. Парақорлық 70,5%-ды (43 факт), жымқыру және алаяқтық дерегі 28%-ды (17 факт) құрайды. Өндірісте барлығы  сыбайлас жемқорлық санатындағы 80 қылмыстық іс болды, оның 45-і сотқа жолданды. Аяқталған істер бойынша жалпы залал 444,1 млн. теңгені құраған. Қазіргі уақытта бұл қаражаттың 99%-ы немесе 439,5 миллион теңге өтелген. Алғашқы тоқсанда сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған 5 адам сотталған. Оның 4-уі – жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері.

Нұртай Алтайұлы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале