Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен қала аумағындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жайы талқыланды.
-Облысымызда өткен жылы жол-көлік оқиғасының жиі орын алғаны белгілі. Бір жылдың ішінде 400-ге жуық көлік апаты орын алған болса, соның тең жартсынан көбі облыс орталығында тіркелді. Нақтырақ айтсақ, Орал қаласында 230 жол-көлік оқиғасы орын алып, қаза тапқандар саны өткен жылдармен салыстырғанда 40 %-ға артты. Қайғылы оқиғалардың кесірінен 47 адам көз жұмып, 321 адам түрлі жарақат алды. Бүгінгі таңда бұл өңіріміздегі ең үлкен мәлелелердің бірі болып отыр. Осы түйіткілге орай өткен жылдың соңында қала әкіміне бір қатар тапсырмалар жүктелген болатын. Бүгінгі басқосуда осы бағыттағы кешенді шаралардың орындалу барысын талқылаймыз, - деді облыс әкімі.
Басқосуда сөз алған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков тұрғындардың жолда жүру қауіпсіздігін арттыру бағытында қолға алынған және жоспарланған бір қатар шараға тоқталып өтті.
Шаһар басшысының айтуынша, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында қалада арнай мониторнгтік топтар құрылып, жол белгілері тексеріліп, қауіпті аймақтарды анықтау жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қала тұрғындары, қоғамдық ұйым белсенділері мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен бірнеше мәжіліс өткізілген. Сол басқосулардың қорытындысымен биыл жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде іс-шаралар жоспары жасақталған.
Бірінші кезекте өткен жылғы жол-көлік оқиғаларына талдаулар жасалып, апатты жағдайлардың жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілері тарапынан жол жүру ережесін сақтамауынан болғандығы анықталған. Жол-көлік оқиғаларын болдырмау бағытында қала көшелерін жарықтандыру, қажет жерлерге кедергілерді орнату, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құрылғыларды орнату секілді техникалық жұмыстары қолға алынбақ. Сондай-ақ видеотіркегіштер санын көбейту, «ақылды қиылыстар» санын арттыру секілді смарт технологияларды дамыту күшейтілмек. Аталған мәселенің алдын алу бойынша қала тұрғындарына, мектеп оқушылары мен мекеме-кәсіпорындарда жол қауіпсіздік шараларын үйрету секілді профилактикалық шараларға да көп көңіл бөлінбек.
-Бүгінгі таңда қала көшелерінде 378 жаяу жүргінші өткелі бар. Соның 108-і жарықтандырылмаған. Бірінші кезекте ең қауіпті деген 40 жаяу жүргіншілер өткелдеріне ескерту батырмасын басу арқылы жанатын бағдаршамдар орнату жоспарланды. Сондай-ақ қалалық полиция бөлімшесінің нұсқамасына және қоғам белсенділерінің ұсыныстарына сәйкес бес жерге жаңадан бағдаршам, ал жеті бағдаршамға қосымша белгі орнатылмақ. Жол апатының алдын алатын тағы бір бағыт ол көше бойындағы көлік ағынан тежейтін жасанды кедергілер орнату болып отыр. Біздер тексеріс жүргізу барысында кедергіні қажет ететін 50 орынды анықтадық. Бірақ тұрғындармен есепті кездесу барысында және әлеуметтік желі арқылы келіп түскен өтініштерге есебінен мұндай кедергі орнатуды қажет ететін жерлер саны артып отыр. Жаяу жүргіншілер жолағы орналасқан көше бөліктерін жарықтандыру мәселесі де өзекті болып тұр. Бұл бағыттағы жұмыстарға биыл 23,8 миллион қаражат бөлініп, 50 жолақтың тұсы жарықтандырылмақ. Оның сыртында қала көшелерінде жаяу жүргіншілер үшін тәуліктің қараңғы мезгілінде жанып тұратын светодиодты компобелгілер орнату да жүзеге асырылуда. Биыл 70 жерге осындай белгі орнатылады. Сондай-ақ көшелердегі жаяу жүргіншілер жолағына күн сәулесінен қуат алатын светодиодты жарықтандырғыш орнатылады. Биыл 50 жолақты жарықтандырсақ, алдағы уақытта демеушілердің есебінен бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Тағы бір өзекті мәселенің бірі ол шаһарды жарықтандыру. Бүгінде 15 мыңнан астам көше шамдарын светодиодты лампалармен ауыстыруға байқау жарияланды. Сонымен қатар қаланың 40 шақты көшесіне жаңадан жарық орнату жұмыстары жоспарланды. Олардың қатарында Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би секілді көшелер де бар. Бұл жұмыстар ойдағыдай жүрсе күз айларына қарай қала көшелеріне 35 мыңнан астам күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдары орнатылады, - деді қала әкімі.
Сондай-ақ Абат Шыныбековтың айтуынша, биыл қала көшелеріне жаңа пластикалық жабынмен жаяу жүргіншілер жолағы төселмек. Ал шаһардағы адам көп жүретін Құрманғазы, Мұхит, Көкшетау, Әбілхайыр хан секілді көшелерге алты жерден биіктетілген жаяу жүргіншілер жолағы төселмек. Сонымен қатар Сырым Датов көшесі бойындағы «Алтындар» сауда үйінің және Шолохов көшесіндегі «Алтын алма» базары тұсынан жер үсті жаяу жүргіншілер өткелін жасақтау жоспарға енген. Жол-көлік оқиғалары жие орын алатын қала кіреберісіндегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға жолақ аралық кедергілер орнату, сол арқылы жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден өтпеуін қамтамасыз ету жұмыстары атқарылмақ. Сондай-ақ Деркөл кенті мен Құсфабрикасы шағын ауданы маңындағы көпірлер жарықтандырылмақ. Қаладағы Евразия, Әбілхайыр хан көшелерінен қоғамдық көлік жүретін арнайы жолақ жасалады. Шаһар тұрғындарының ұсынысы бойынша жолдары жалпақ бес көшеге жаяу жүргіншілер жолағы бойынан қауіпсіз алаңқай жасақталмақ.
Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатындағы жоспарымен жан-жақты таныстырған шаһар басшысы қала көшелеріне қосымша ақылды қиылыс камераларын орнату, түнгі мезгілде көлік жүргізушілерге алда жаяу жүргіншілер жолағы бар екеннін ескертетін шамдар орнату, жол бойына полиция көлігінің макеттерін, ескерту банерлерін орнату жұмыстарына тоқталып өтті.
Жиынның күн тәртібіндегі мәселені қорытындылаған облыс әкімі бір қатар шараны қатаң бақылауды тапсырды.
-Жаяу жүргіншілер жолағын жарықтандыру секілді жұмыстарға көп қаражат кетпейді. Тиімділігін анықтап, шама келсе барлық жерлерге орнату керек. Мұндай шараларға қажет болса қаражат көзін де қарастырамыз. Сіз айтқан жер үсті өткелдерінің де тиімділігін тексеру керек. Егер күніне оншақты адам ғана өтетін болса оның керегі де болмауы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені депутаттармен, қоғамдық кеңес мүшелерімен ақылдасып, шешу керек. Жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстарға да аса мән беру қажет. Көшелерге банер орнатып, оны жарықтандырып қойғаннан мәселе шешілмейді. Қауіпсіздікті күшейтуді насихаттауға қанша қаражат бөлінгенімен қорытынды көңіл көншітпей отыр.
Полиция департаменті берген мәліметке сүйенсек, өткен екі айдың ішінде көлікті мас күйінде жүргізген 270 адам тіркелген. Сондықтан алдын алу жұмыстарын мектептерден емес, үлкен адамдардан бастауымыз керек. Естияр адамдардың санасы өзгермей, жауапкершілігі артпай бұл түйіткіл шешімін таппайды. Сол себепті осы бағытқа үлкен мән беруіміз керек. Бүгінгі айтылған жұмыстар уақытылы әрі сапалы атқарылуы керек. Әр апта және ай сайынғы басқосуда жасалған жұмыстардан нақты есептер сұралады, - деді Ғали Есқалиев.
Нұрбек Оразаев
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер