Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын түсіндіру және жүзеге асыру шараларына орай облыс әкімі Алтай Көлгіновтың төрағалығымен облыс активінің жиыны өтті.
Облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік құрылым басшылары, қоғамдық ұйым, саяси партия жетекшілері қатысқан жиында алғашқы баяндаманы облыстық ассамблеяның ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйірбаев жасады. Ол Жолдауда аграрлық секторға жете мән берілгенін атап өтті. «Елбасы бұл саланы экономиканың жаңа драйверіне айналдыруды ұсынды,-деді ол.- Әсіресе, экологиялық таза тағамдар өндіруде «Мade in Kazakhstan» бренді эталон болу керектігін жеткізді. Бұл бағытта облысымызда да біраз жұмыстар жүзеге асуда. Мәселен, «Кублей», «Агропродукт ЛТД», «Желаев» кәсіпорындарының өнімдері бүгінде шетел нарығынан өз орындарын табуда. Енді олардың қатарын кеңейтуіміз керек».
БҚО орыс этномәдени орталығының жетекшісі Сергей Погодин Елбасы Жолдауын асыға күтетінін жеткізді. Кәсіпкерлік сала Жолдаудың өзегіне айналғанын дұрыс деп есептейді. Бұл этномәдени бірлестік басшыларына қуаныш сыйлады. Себебі оның көптеген әріптесі бизнес саласында өз нәпақаларын тауып жүр. Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бұрынғыдан да жақсара түсетінін естіген көпшіліктің қуанышы зор.
Өз кезегінде баяндама жасаған «Заман» өндірушілер қауымдастығының төрайымы Айгүл Туркинаның сөзіне қарағанда, Елбасының биылғы Жолдауы сандық технологияны, көлік пен логистканы дамыту, бизнес ортаны кеңейту, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті жетілдіруге басымдық берумен ерекшеленеді. Экономиканы өркендететін жаңа, нақты міндеттер қойылды. Оны жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.
Жиын барысында сөз алған ҚазИИТУ кешенің проекторы Гаухар Қайырғалиеваның, Орал мұнайгаз және салалық технологиялар колледжінің ІІ курс студенті Александр Губарьдың пікірлері де көпшіліктің көңілінен шықты.
-Елбасымыздың биылғы Жолауында бес басымдық белгіленген. Олар: экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы, бизнес ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық, адами капитал сапасын жақсарту және институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлыққа қатысты күрес. Бұл басымдықтар еліміздің жаңаша дамуына серпін берері сөзсіз. Бүгін Үкіметте Жолдауды жүзеге асыру іс-шараларына байланысты жиын өтіп, нақты тапсырмалар берілді. Ертең тиісті құжаттар облысымызға келгеннен соң біз де өңірлік жоспар жасап, бұл бағытта нақты жұмыстанатын боламыз,-деп облыс әкімі Алтай Көлгінов жиынды қорытындылағаннан соң актив жиынының қарары қабылданды.
Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ