Батыс Қазақстан облысының аумағына құлаған нысан зымыран бөлшегі болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретдин Құтқожиннің айтуынша, осы оқиғаны тексеру үшін Капустин Яр әскери полигонынан да мамандар келген. Сол мамандардың сөзіне қарағанда, құлаған шар тәріздес зат зымыранның отын багы екен. Оқиға орнында БҚО экология, қоғамдық денсаулық сақтау департаменттерінің мамандары болып, сынама алды. БҚО экология департаменті басшысының орынбасары Мұрат Ермекқалиев мәлім еткендей, радиация мен ауа құрамы қалыпты. Күкірт, азот, көміртегі оксиді және күкіртсутегі бойынша сынамалар алынды. Бұлардың қалыпты мөлшерден аспағаны белгілі болды. Сонымен қатар, топырақтан да сынама алынды, оның қорытындысы кейін белгілі болады. Айта кетейік, қазір Ресейге қарайтын Капустин Яр полигоны 1946 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Осыған байланысты 1952 жылы Орда (қазіргі Бөкей ордасы) ауданы таратылып, едәуір жері әскери полигонға берілген болатын. Содан бері сынақ алаңында ракетаның түр-түрі сыналып келеді.
Бұдан бұрын БҚО аумағына шар тәріздес металл бөлшегі құлағанын жазған болатынбыз.
zhaikpress.kz