5.07.2018, 12:50
Оқылды: 95

БҚО-да аспаннан белгісіз бөлшек құлап, дала өртенді

Бүгін түнде Қазталов ауданы территориясына белгісіз нысан құлағаны жайлы халық арасында мессенджерлер арқылы ақпарат тарай бастады. Тіпті аудандық ішкі істер бөлімі басшысының облыстық ішкі істер департаменті басшысына арнайы хабарламасы делінген құжат суреті де бірге тарады. Бірақ бұл әлі ресми расталмаған ақпарат.

Аспаннан белгісіз дененің түскені туралы біздің сол аудандағы филиалымыз «Ауыл айнасы» газетіне түскен ақпаратқа (суреті, бейнекөрініс) байланысты Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретдин Құтхожин: - Шілденің 4-нен 5-іне қараған түні сағат 12-30-дарда Қарасу ауылдық округіне қарасты Жұлдыз ауылының маңына белгісіз дене құлаған. Осы жағдай болғаннан кейін ауданнан өрт сөндіру қызметкерлері дер кезінде жетіп өрт қаупін болдыртпау шарасын алды. Адамдарға да, малға да, әлеуметтік нысандарға да зиян келген жоқ. Дәл қазір облыстан төтенше жағдайлар жөніндегі және экология, қоршаған ортаны қорғау басқармаларынан құралған арнайы комиссия оқиға болған жерге келіп, жұмыстануда. Алдағы уақытта анықталған жағдайлар бойынша қосымша мәліметтер берілетін болады,-деп жауап берді.

Ал өрт сөндіру қызметіне түнгі сағат 01:15-те Қарасу ауылы аумағында дала өрті жайлы қоңырау түскен. Оқиға орнында 1 техника және жеке құрамның 4 қызметкері, ерікті 10 адам жұмыс жасап, дала өрті түнгі сағат 04:00-де сөндірілген. "Өрт себебі анықталуда" дейді олар.

Металл түскен жерге жақын елді мекен 16 шақырым. Дәл қазір төтенше жағдайлар мен экологтардан құралған комиссия жұмыс істеп жатыр. Қорытындысы бойынша қосымша мәлімдейміз.

Нұрлыбек Рахманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале