Бүгін БҚО аумақтық сайлау комиссиясының жаңадан сайланған құрамының бірінші отырысы өтті.
Облыстық мәслихат төрағасының міндетін атқарушы Ербол Салықовтың төрағалығымен оздырылған алғашқы отырыста ұйымдастыру мәселелері қаралып, комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары және хатшысы сайланды.
Комиссия мүшесі Асыланбек Ғұбашев комиссия төрағалығына Әділ Жоламановтың кандидатурасын ұсынды.
Әділ Тауфихұлы өңір тұрғындарына танымал тұлға. Ол Сырым ауданында 1968 жылы туған. Еңбек жолын туған жерінен бастаған ол Сырым ауданы әкімінің орынбасарлығына дейін көтерілді. Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, Ақжайық және Теректі аудандары әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Бұған дейінгі БҚО мәслихаты аппаратының жетекшісі қызметінде өкілетті органның жұмысының жандануына үлкен үлес қосты. Әділ Жоламановтың іскерлік және ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, сондықтан жаңа міндетті атқаруға толық жеткілікті деген ұсынысты комиссия мүшелері бірауыздан қолдады.
Сондай-ақ, комиссияның отырысында төрағаның орынбасары болып Арман Қуанғалиұлы Жиенғалиев, хатшысы болып Жасұлан Сәкенұлы Нұрғожин сайланды. БҚО мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Ербол Салықов өкілетті мерзімдері аяқталған комиссия мүшелеріне алғысын білдіріп, жаңадан сайланған комиссия мүшелерінің жаңа электоральдық кезеңдегі жұмыстарына сәттілік тіледі.