Батыс Қазақстан облысында құқық тәртібін бұзған 575 адам полицияға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, олардың көпшілігімен әңгімелесу жүргізілді. Соның ішінде 37-сі мән-жай анықталғанға дейін ұсталды.
10 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 тәулікке қамалды. Олардың 6-уына заңсыз митингіге шақырғаны, 1-уіне төтенше жағдай режимі талабын бұзғаны үшін жаза белгіленді.
«Соңғы тәулікте блокпостарда 7 аңшы мылтығы тәркіленді. Сондай-ақ мас күйде болған 5 жүргізуші ұсталды.
Бұдан бұрын Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде тонауға қатысқан Орал қаласының тұрғындары отырған «Тойота» автокөлігі тоқтатылған болатын. Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 3-бөлігі 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс одан әрі тергеу жүргізу үшін Алматы қаласы Полиция департаментіне берілді. Осы көлікте болған С. деген күдікті Орал қаласы Полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамалды. К. деген күдіктіден ешқайда кетпеу жөнінде қолғат алынды. Қазіргі жағдайда облыста жалпы ахуал тұрақты», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстан облысында автокөліктен граната табылғанын жазған болатынбыз.