Батыс Қазақстан облысында жеке тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға 104191 адам кезекте тұр.
БҚО жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның 72437-сі Орал қаласының үлесіне тиеді.
Оның айтуынша, 2019 жылы жеке тұрғын үй құрылысы үшін облыс аудандарында 1502, биыл 366 жер телімі берілді.
Күні бүгін облыс бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 572 жер телімін (363-і – Бөрлі, 209-ы Бәйтерек ауданында) беру жоспарлануда.
– 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Оралға қарасты Круглоозерный кенті аумағында 1141 жер теліміне егжей-тегжейлі жобалау жоспары дайындалып, бекітілді. Қазіргі кезде аталған жер телімдерін сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз етілгеннен кейін жер телімдері кезекке сәйкес берілетін болады. Сонымен қатар тиісті жұмыстар аяқталғаннан кейін Қаратөбе ауданында 144, Теректіде 528 жер телімі иелеріне табыс етіледі - , деді М.Өмірәлиев.
zhaikpress.kz