24.01.2023, 16:45
Оқылды: 57

БҚО-да 19 реабилитолог маман жұмыс жасайды

Бүгін Оралда «Медициналық реабилитация: кезеңдері, әдістері және түрлері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.  Семинарға үкіметтік емес ұйым мүшелері, денсаулық сақтау басқармасының өкілі, реабилитологтар, мүгедектігі бар адамдар қатысты.

IMG_20230124_113033

- Басқосуымыздың басты себебі - облыста оңалтудың қандай әдіс-тәсілдері бар екендігімен кеңірек танысу. Қандай қызметтер тегін көрсетіледі, қайсысы тиімдірек? Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарынан толық ақпарат алғымыз келеді. Әр емханада реабилитация бөлімі бар. Арнайы бөлімдерде реабилитация тек физикалық тұрғыдан ғана емес, психологиялық жағынан да көмек береді. Бәріне белгілі 2015 жылы 22 қаңтарда сол кездегі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің № 26 бұйрығы бар. Мұнымен қоса «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңында барлық деңгейдегі мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызметтер туралы айтылған. Былтыр маған реабилитацияға қатысты өтініш пен сұрақ көп түсті. Сол себепті жылды осы семинардан бастадық, - деді жиынды бастаған «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлмира Батпақұлова.

Семинарда өңірдегі реабилитация жұмысына қатысты баяндама жасаған денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Абдрахманова облыста 19 реабилитолог бар екендігін айтты.

IMG_20230124_113431

- Бүгінгі шараға арнайы штаттан тыс басты реабилитологтарды шақырдық. Жалпы реабилитация – адамдардың денсаулығын қалпына келтіруді қамтамасыз етуге бағытталады. Реабилитациялық көмек тек стационармен шектелмейді. Оңалту кезінде көпсалалы топ жұмыс жасайды. Оның құрамына бірінші кезекте реабилитологтар, психолог, көпбейінді мамандар және қажеттілігіне қарай логопед, дефектологтар да кіреді.

Өңірде реабилитацияға арналған 433 керует бар. Оның 137-сі балаларға арналған. Реабилитацияның алғашқы кезеңі науқастың жағдайы өте ауыр болған кезде жүзеге асады. Мысалы, инсульт алған науқас өзі жатқан бөлімнен бірден реабилитация бөліміне ауыстырылады. Осы кезде реабилитацияның алғашқы кезеңінен өтеді. Қалалық көпбейінді аурухана, облыстық көпбейінді аурухана, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен облыстық кардиология орталығында бірінші кезеңге арналған реабилитация керуеттері бар. Екінші кезеңде науқастар алты айдан тоғыз айға дейін реабилитациядан өтеді. Оған арналған керуеттер қалалық көпбейінді аурухана, облыстық көпбейінді аурухана және облыстық көпбейінді балалар ауруханасында және аудан орталықтарында бар. Негізгі басымдық емхана жанындағы оңалтуға беріледі. Соңғы үшінші кезеңде емханада науқас үш жыл ішінде үздіксіз оңалтудан өте алады. Ал Жаңақала ауданында тәулік бойы жұмыс жасайтын оңалту орталығы бар. Бұл жерде арнайы бұйрықпен жұмыс жасаймыз. Жаңақаладағы орталыққа науқастар бірнеше бағыт бойынша жіберіледі. Олардың қатарында инсульт, инфаркт, жарақат алғандар бар. Алдыңғы жылы облыстық көпбейінді балалар ауруханасында «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмысын бастады. Былтыр өңірде 700 бала ем алды, - деді Гүлнар Мақсотқызы.

IMG_20230124_113204

Реабилитолог мамандардың айтуынша, науқастар бірінші және екінші кезеңде ерекше күш жұмсап, оңалтуға көңіл бөлуі қажет. Себебі бұл - өте маңызды кезеңдер.

Динара Насыр,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале