Облыстық қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов қатысқан кеңесте қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидасы, мектепке дейінгі тәрбие, тегін медициналық көмекке қатысты мәселелер қаралды.
Алдымен кеңес қатысушылары 2025-2027 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы мәселені талқылады. Өңір қазынасының қаржысы қай бағыттарға жұмсалады, алдағы екі жылда қазынаға түскен ақша қандай мәселелерді шешуге бағытталатыны турасында облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Нұрия Гайтпаева мәлімдеді. Оның айтуынша, 2025 жылға арналған облыстық бюджет шығыны 407,6 миллиард теңгеден асады. 4,5 миллиард теңге мемлекеттік құрылымдар, ҚХА жұмысын қамтамасыз ету, сайлауды ұйымдастыру және өткізу, өңірдегі діни ахуалды зерделеуге жұмсалады. Бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік салаға бөлінеді.
– Инвестициялық жобаларды ескеріп айтар болсақ, келер жылы бюджеттің 61 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. Бұл – 248,8 миллиард теңге. Оның ішінде білім беруге – 204, 2, денсаулық сақтауға – 11, әлеуметтік қамсыздандыруға – 19,6, мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістікке 14 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарланды, – деді Нұрия Гайтпаева.
Одан бөлек қаржы басқармасы басшысының орынбасары медициналық жабдықтарды сатып алуға шамамен 3,1 миллиард, төрт денсаулық сақтау, екі мәдениет нысанын күрделі жөндеу жұмысына 2,1 миллиард теңге қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ Нұрия Гайтпаева өз баяндамасында қорғаныс, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қауіпсіздікке 14,4 миллиард теңге бөлінетінін айтты.
Жиында қоғамдық кеңес мүшелері бюджет қаржысына қатысты біраз сауалдарын қойды. Негізінен өңірде көп жұмыс ілгері басқанымен, тұралап қалған жобалар да жетерлік. Солардың бірі – Сырым ауданы орталығындағы мәдениет үйін жаңалау ісінің алға баспай қойғаны. Аталған мәселені қоғамдық кеңес мүшесі Асхат Дүйсенғалиев көтерді.
– Сырым ауданы орталығындағы мәдениет үйін жаңарту ісі келер жылға жоспарланған. Жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Сараптамадан өтті. Жөндеу құны 617 миллион теңгені құрап отыр. Бірақ қаржы басқармасы басшысының орынбасарының баяндамасында бұл мәселе айтылмады, – деді Асхат Дүйсенғалиев.
Оған жауап берген облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов аталған жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы іске асырылатынын, бірақ республикалық жобалар тізіміне енбеген нысанға ел қазынасынан ақша бөлінбейтінін айтты. Десе де мәселені шешудің басқа да жолдарын тауып, облыс бюджетінен қаржы қарастырылатынын жеткізді. Тілепберген Ерсайұлы өз сөзінде басталған істерді толық атқармай тұрып, жаңа жоба бастап кету тиімсіз екеніне ерекше тоқталды.
– Басталған жобаларды аяқтамай жатып, жаңасын жоспарлау тиімсіз екенін әрдайым айтамыз. Ауылда бітпей тұрған көше бар. Кітапхана жөнделуде. Аталған мәселені шешуді алдағы жылдың ақпан айында бюджетті нақтылау кезінде тағы талқылайтын боламыз, – деді Т. Каюпов.
Бюджетте Теректі ауданында аумақтық қорғаныс әскери қалашығының 99250-әскери бөлімінің қалашығын салуға қаржы қарастырылған. Аталған мәселе кеңесте қызу талқыға түсті. «Қорғаныс министрлігі тұрған кезде әскери қалашық салу мәселесі неге біздің бюджетке салмақ салуы керек?» – деді қоғамдық кеңес мүшесі Мақсот Берген. Сондай-ақ көктемгі су тасқыны кезінде мемқызметкерлер мен қарапайым тұрғындар және еріктілер төтенше жағдаймен күресуге жұмылдырылды. Қоғамдық кеңес мүшелері осы және өзге де табиғи апаттардың салдарын жою жұмыстарына жүйелілік керек екенін алға тартты.
– Қауіпсіздік кеңесінің хаттамасына сәйкес облыс әкімінің бригадасы жоғарыда аталған әскери қалашықта орналасады. Әрине, қорғаныс министрлігі туралы айтқаныңыз орынды. Бірақ облыстық атқарушы құрылымның резервті бригадасына да тұрақты орын керек. Сондықтан әскери қалашық салуға қажетті қаржы бөлу – біздің міндетіміз, – деді Тілепберген Ерсайұлы.
Қоғамдық кеңес мүшелері өңір жолдарын қатаң сынға алды. Әсіресе тасжолды күтіп ұстауға қатысты қателіктер қайталана беретіні жиын қатысушыларын қатты алаңдататыны байқалды. Сондай-ақ Зашаған кентіне медициналық нысан салу жайында бастама көтерілді. Оған жауап қатқан облыс әкімінің орынбасары кентте емдеу мекемесін салу жоспары бар екенін айтты. Қазір инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Алдағы уақытта бюджет жобасына қатысты жарыссөз жанданады.
– Біз бюджет жобасын біренеше рет қарадық. Жоспарлау, игеру жағы әлі де ақсап тұрғанын жасыра алмаймыз. Ауыл шаруашылығына қаржы көп бөлініп жатыр. Қаржы институты өкілдері елге, қоғамдық кеңес алдында есеп бергені абзал. Тұрғын үй құрылысын жүргізетін компаниялар өздері салған пәтерлердің 10 пайызын үй кезегінде тұрған отбасыларға беретіндей мүмкіндік жасалса, – деді қоғамдық кеңес мүшесі Хайдар Қапанов.
Өңір басшысының орынбасары бюджетті жоспарлау, ұсыныстарды уақтылы енгізуге қоғамдық кеңес мүшелері де мүдделі болса десе, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықов әріптестері айтқан әр ұсыныс-пікір ескерілетінін жеткізді.
– Бюджет жобасын мақұлдап, облыстық қоғамдық кеңесте көтерілген мәселелер мен ұсыныстарды әкімдікке, басқа да жауапты мекемелерге жіберу қажет болған жағдайда тиісті жерге ұсыныс берейік, – деді Ербол Ғұмарұлы.
Қоғамдық кеңес мүшелері алдағы үш жылға арналған бюджет жобасын қолдады. Сондай-ақ жоғарыда айтылған мәселелерді қарап, жан-жақты талқыға салды.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz