Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар жаңартылған автожол учаскелерінің ресми ашылуы өтті. Шараға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев, облыс әкімі Нариман Төреғалиев, өңірлік атқарушы органдардың өкілдері мен ақсақалдар қатысты. Бұл оқиға аймақтың көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды кезең болып, Батыс Қазақстанның елдің негізгі көлік-логистикалық тораптарының бірі ретіндегі маңызын айшықтады.

2025 жылы өңірде республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 260 шақырымында негізгі жұмыстар толық аяқталды. Оның ішінде «Подстепное – Федоровка» автожолының 72 шақырымын қайта жаңарту, «Өнеге – Бисен – Сайқын» бағытының 103 шақырымын күрделі жөндеу, сондай-ақ Хан Ордасы ауылына кіреберіс жолының 21 шақырымы мен Ақтөбе – Орал автожолының 64 шақырымдық жолға орташа жөндеу жүргізілді. Аталған учаскелердің барлығында қозғалыс ресми түрде ашылды. Жүргізілген ауқымды жұмыстар жол төсемінің сапасын айтарлықтай жақсартып, өткізу қабілетін арттырды және Орал, Атырау, Ақтөбе бағыттарымен, сондай-ақ Ресей Федерациясына қарай қатынастың қауіпсіздігін күшейтті.

Жоба аясында 3 заманауи жолайрық, 2 көпір және 4 өтпежол салынды. Бұл көлік ағындарын реттеуге және жол жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Қосымша 94 су өткізу құбыры мен мал өткізу өткелдері орнатылды, 3,7 млн текше метр жер жұмыстары атқарылып, барлық бағыттарда асфальтбетон жабыны төселді. Жүргізушілер мен жолаушылардың жайлылығы үшін 2 санитариялық-гигиеналық торап және 2 демалыс алаңы пайдалануға берілді.

Жобаны жүзеге асыруға 4 асфальтбетон зауыты (өндіріс көлемі – 600 мың тонна қоспа), 3 топырақ араластырғыш кешені, 456 техника және 724-тен астам маман тартылды. Құрылыс барысында отандық материалдар мен жергілікті жұмыс күшінің басым пайдаланылуы өңір халқының жұмыспен қамтылуына және аймақ экономикасының өсуіне оң әсер етті.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев атқарылған жұмыстардың салалық жаңғыртудағы жүйелі маңызын атап өтті:
«Бүгін ашылған учаскелер өңірдің көлік қолжетімділігін түбегейлі өзгертеді. Әрбір жаңа шақырым – экономиканың, шағын және орта бизнестің, туризмнің дамуына, халықтың өмір сапасының артуына ашылған жаңа мүмкіндік. Сонымен бірге біз биыл қайта жаңғырту жұмыстары басталған “Сырым” өткізу пунктін толықтай жаңартып, оны халықаралық деңгейдегі заманауи логистикалық орталыққа айналдыруды бастады».
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев те аталған жобалардың стратегиялық маңызын ерекше атады:
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыстың көлік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғыртып келеміз. Соңғы жылдары облыс орталығын Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы аудандарымен байланыстыратын жолдарды жақсарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгін ашылған учаскелер – халықтың мобильділігін арттырып, бизнес пен өңірлік экономиканың дамуына тың серпін береді».
2025 жылы басталған жаңа бастамалардың бірі – ұзындығы 180 шақырымды құрайтын Атырау – Орал автожолын орташа жөндеу жұмыстары. Бұл бағытта жол негізін күшейту, жамылғыны жаңарту және қауіпсіздікті арттыру көзделген. Аталған жұмыстар өңіраралық қатынасты жақсартып, қозғалыс уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Аяқталған және биыл бастау алған инфрақұрылымдық жобалар Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалайды, өңірдің ұлттық көлік жүйесіндегі рөлін күшейтеді және халықаралық автокөлік дәліздерінің әлеуетін кеңейтеді.
Дереккөз: «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ресми арнасы