Батыс Қазақстан облысында желтоқсан айында 29 оқушыдан індет шығып, бес мектептегі 8 сынып карантинге жабылды.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, олардың 12-сінде ауру белгілері болған, қалған 17-сінде симптомсыз өтуде. Коронавирус бес мектептің 8 сыныбында анықталуына байланысты науқастармен қарым-қатынаста болған оқушылар мен мұғалімдер үйлерінде оқшауланды. Орал қаласы мен аудандардың бас санитар дәрігерлерінің қаулысына сәйкес бес мектептің 8 сыныбы карантинге жабылды. Оқушылар ауруды отбасы мүшелері мен туысқандарынан жұқтырған. Балабақша мекемелерінде желтоқсан айында ковид тіркелген жоқ. Сондай-ақ, өңірдегі медициналық мекемелер де штаттық режимде жұмыс істеуде. Нұрлыбек Ермекұлының айтуынша, облыста 1 желтоқсаннан бері барлығы 370 адамның ауырғаны тіркелсе, соның 215-і немесе 58,1 пайызы Орал қаласының үлесіне тиеді. Сол секілді Бөрлі ауданында – 54, Бәйтеректе – 49, Ақжайықта – 10, Теректіде – 7, Тасқалада – 6, Жаңақала мен Бөкей ордасында – 5, Шыңғырлауда – 4, Сырымда 1 адам сырқаттанған. Жәнібек пен Қаратөбе аудандарында бұл айда індет тіркелген жоқ. Облыс бойынша жалпы індет жұқтырғандар саны 8447-ге жетіп, соның 7505-і сауығып шықса, 144-і көз жұмды.
inform.kz