Бұл жайында облыстық клиникалық аурухананың 150 жылдық мерейтойына орай созылмалы ішек аурулары мен бауыр гепатитінің алдын алу шаралары тақырыбында өткен конференцияда БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н. Жұмағұлова айтты.
"Бірнеше жыл бұрын бауыр гепатитімен ауыратын 1500 адам тіркеуде тұрса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш көбейді. Яғни, диагностиканы жетілдіру, ауруды неғұрлым ерте анықтау жолға қойылған. Өкінішке орай, гепатитке балалар да шалдығуда," - деді ол.
Астана қаласынан келген ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гастроэнтеролог-гепатологы, профессор К.Қалиаскарованың айтуынша, жүрек-қан тамырлары дертінен кейін асқазан-ішек жəне бауыр ауруы елімізде көп таралған. Дегенмен отандық мамандар 100-ден астам бауыр ауыстыру отасын сəтті жүргізген. Қазақстанда диагностика орталықтары оңынан дамуда. Емдеу мекемелері жаңа құрал-жабдықтармен қамтылуда.
"Əрине, гепатит пен ішектің созылмалы ауруына қатысты статистика деректері бізді алаңдатады. Дегенмен отандық мамандардың біліктілігі өте жоғары. Ауыр оталарды қазақстандық хирургтер жасай береді. ҚР Үкіметі емдеу құралдары мен дəрі-дəрмек алуға қажетті қаражатты молынан бөлуде", - деді профессор.
Конференцияға 80-ге жуық жергілікті маман қатысып, кейін дөңгелек үстелде білікті ғалымдармен сұрақ-жауап алмасты.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz