9.08.2024, 9:15
Оқылды: 14

БҚО-да 423 адам жауапқа тартылған

Биылғы 6 айда облыс соттарына 10 277 арыз түскен, оның ішінде сегіз мыңнан астам іс қаралып, екі мыңға жуық талап-арыз иесіне қайтарылған. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифингте облыс соттары жартыжылдықта атқарылған жұмыс туралы баяндады. Оған облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Азат Ізбасаров, облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Оразова және облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі алқасының төрағасы Ерлан Идиров қатысты.

4D597075-F79E-4B1C-974D-6B5B134B66D8

Брифинг басында сөз алған Тұрсын Оразованың сөзінше, жыл басынан бері 7 316 іс қозғалған. 152 талап қабылдаудан бас тартылды. Қаралған істер саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8%-ға артып отыр. 980 іс өндіріспен тоқтатылған. Қазіргі таңда сотта және соттан тыс бітімгершілік рәсімдерге ерекше назар аударылуда. Сондай-ақ жұмысты жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленіп, апта сайын мониторинг жүргізіледі. 1 263 азаматтық іс татуласу тәртібімен тоқтатылыпты. Бұл аяқталған медиация істерінің жалпы санының 35%-ын құрады.

– Былтыр қос тараптың татуласуына байланысты 2 005 іс тоқтатылды. Олардың ішінде медиация бойынша 762, бітімгершілік келісімге сәйкес 62, талапкердің талап-арызынан бас тартуы негізінде 36 іс тоқтатылса, үш іс бойынша партисипативтік келісім бекітілді. Осылайша, өткен жылмен салыстырғанда аталған көрсеткіш 13%-ға төмендеді, – деді облыстық сот төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Оразова.

Есепті мерзімде өңірдегі соттарға 472 әкімшілік талап-арыз берілсе, оның 436-сы облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына түскен. Олардың басым бөлігі сот орындаушыларының іс-әрекеттеріне қатысты. Сондай-ақ салық пен жер қатынастарына байланысты сұрақтар да азаяр емес. Оларға қатысты тиісті шешімдер шығарылған.

– Жергілікті соттар 135 шешім шығарып, оның 59-ы талапты қанағаттандырса, 76-сы бойынша қанағаттандырудан бас тартылған, яғни жалпы талап-арыздардың 44%-ы қанағаттандырылған, – деді облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі алқасының төрағасы Ерлан Идиров. Сондай-ақ жыл басынан бері 668 қылмыстық іс қозғалған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,5%-ға төмен. Ал 423 адам заң алдында жауапкершілікке тартылған.

Брифинг соңында спикерлер тілшілер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Түгелбай Кенжеғалиұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале