13.09.2017, 11:35
Оқылды: 57

БҚО-да 5 мыңнан астам адамға әлеуметтік қызмет көрсетілуде

Калияр Айтмухамедов   Батыс Қазақстан облысында 5117 адамға әлеуметтік қызмет көрсетілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұхамбетов мәлім етті.

    Қалияр Шадиярұлының айтуынша, оның ішінде 1260 адам арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтардың қызметіне жүгінеді. Атап айтқанда, облыстағы 12 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 188 қарияға, 966 мүгедек пен 136 мүгедек балаға арнайы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Өңірде барлығы 660 әлеуметтік қызметкер жұмыс жасайды.

         Қ.Айтмұхамбетов сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бастамасымен елордада 22 қыркүйек күні әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы республикалық форумы өтетінін жеткізді. Оған Батыс Қазақстаннан әлеуметтік сала қызметкерлері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен 28 делегат қатыспақ.

       Форумның басты мақсаты жаңа ой-пікірлермен алмасу үшін тиімді қарым-қатынас алаңын құру және әлеуметтік жұмыс саласындағы заманауи тәсілдер мен жаңа технологияларды талқылау болып табылады. Форум екі бөлімнен, жеке тақырыптарды терең талқылау, тәжірибе алмасу, тиімді шешімдер табу, талқыланып отырған қызмет көрсету саласын ары қарай дамыту бойынша ұсыныстарды қалыптастыру мен дайындау бағытындағы 8 секциялық отырыстан тұрады. Онда ҚР Парламенті мен Үкіметі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысады. Форумның секциялық отырыстарында мүгедек адамдармен, мүгедек балалармен және егде жастағы тұлғалармен, тұрмыстық зорлық-зомбылық және адам саудасы құрбандарымен, бас бостандығынан айыру мекемелеріндегі және жазасын өтеу орындарынан босатылған тұлғалармен, белгілі тұрағы жоқ тұлғалармен жұмыс мәселесі, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік жұмыс, әлеуметтік жұмыстағы менеджмент, әлеуметтік қызметкерлерді оқыту және біліктіліктерін арттыру тақырыптары кеңінен талқыланатын болады.

       Сондай-ақ брифингте басқарма басшысы 2018-2021 жылдарға арналған Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртудың  жаңа тұжырымдамасы туралы әңгімеледі. Тұжырымдама әлеуметтік саланы жетілдірудің бұған дейінгі 2010-2013, 2014-2017 жылдарды қамтыған екі кезеңінің заңды жалғасы болып табылады. 2018-2021 жылдарды қамтитын үшінші кезеңде әлеуметтік қызмет көрсетудің қолжетімділігін арттыру мақсатында қолданыстағы ірі интернаттардың (орталықтардың) деинституционализациялауын жүргізу жоспарланып, шағын ұйымдардың желісін кеңейту, кейбір қызметтерді монетизациялауды енгізу мен жүйені ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету көзделген.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале