23.04.2018, 18:38
Оқылды: 49

БҚО-да алдағы жаңа оқу жылында барлық аудан орталықтары сапалы интернетпен қамтылады

16БатысБілімТаlks» лекторий жобасының І сессиясы «Цифрландыру: баршаға қолжетімді сапалы білім» тақырыбымен өтті.

Онда облыс әкімі А.Көлгінов қолға алынған цифрландыру жобаларына, соның ішінде «Смарт Сити», «Қауіпсіз қала» жобаларына  тоқталды.

-Біз «Қазақтелеком» АҚ-ның басқарма басшысы Қуанышбек Есекеевпен «Жол картасына» қол қоямыз. Онда денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағыты қаралған.  Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрі өңірімізге іссапармен келіп кетті. Аудандағы медицина нысандарда, медпункттерде, ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда, облыстық клиникалық ауруханада болды. Интернетке кіру жылдамдығына, интернетке қолжетімділік мәселелері бойынша түйткілдер баршылық. Міне, таяудағы үш жыл ішінде осы түйткілдерді шешеміз. Бізде бұған қатысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірге жасалған жоспар бар.  Бұл жоспар бойынша 100 елді мекен кең жолақты интернетке қосылады. Мұның барлығы цифрландыруды кеңейтуге мүмкіндік береді және шәкірттерді цифрландыруға оқытуға жол ашады.

Биыл Оралда «Қазақтелекоммен» бірге «Қауіпсіз аула» бойынша қосымша 2 мың бейнекамера орнатылады. Бұл жоба бойынша 200 көпқабатты тұрғын үйді қамтиды. Яғни 30 мың адам тұратын бір мың подъезге бейнекамера қойылады, - деді Алтай Сейдірұлы.

Жиында сөз алған Қуанышбек Есекеев «Қазтелекомның» интернеттің, жаңа технологиялардың дамуына инвестиция құятынынын айта келе, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын белсенді іске асыру кезеңі басталғанын тілге тиек етті.

«Алдағы екі жылда БҚО-дағы бес ауданның орталығын  оптикалық-талшықты  байланыс желісіне қосу жоспарланды.  Ондай желіге қосылудың арқасында инетернетке қосылған мектептердің саны және интернетке қосылу жылдамдығы артады. Осыған орай, білім сапасының да жоғарылайтыны анық. Бүгінде елімізде смартфондар арқылы интернеттен ақпарат алушылар қатары өсті. Компания балалардың тыйым салынған ақпаратты алмауы    үшін мектептерге фильтрация, сүзгіден өткізу жұмыстарын жасайды. Екінші үлкен шаруа  - физикалық тұрғыдағы қауіпсіздік, үйлердің кіреберістеріне бейнекамера қою жұмыстары. Қорыта айтсақ, біздің компания ауыл және қала мектептері арасындағы цифрлық теңсіздікті жою бағытындағы жұмыстарға қатысуға және әлеуметтік жауапкершілікті мойнына алуға ниетті» - деді Қуанышбек Есекеев.

Облыс әкімі алдағы жаңа оқу жылында барлық аудан орталықтары сапалы интернетпен қамтылатынын жеткізіп, мұғалімдерді қуантты.

Гүлбаршын Әжгереева

zhaikpress.kz

Фото Айбатыр Нұраш

7

1

13

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале