2023 жылғы 1 шілдеде ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енген кезден бастап, елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілді, оның құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіреді, деп мәлімдеді Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің БҚО бойынша департаменті.
Сурет: pixabay.com
БҚО бойынша 2024 жылдың басынан бастап әлеуметтік инспекторлар 197 тексеру жүргізді, оның ішінде 34 профилактикалық бақылау шеңберінде, 36 – жоспардан тыс, 127 – облыстық прокуратурамен бірлесе.
Мемлекеттік бақылаумен: аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері – 8, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары – 8, мектептер – 119, коллеждер – 23, балабақшалар – 22, жергілікті атқарушы органдар – 8, ауруханалар мен емханалар – 3, мемлекеттік мекемелер – 6 қамтылды.
Мәселен, қала және аудандық прокуратураның талабына сәйкес, білім беру мекемелерінде балалардың денсаулығы, өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша қала мен аудандардағы колледж, мектеп және балабақшаларда тексеріс қорытындысы бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тексеру нәтижелері бойынша 2023 жылғы 20 сәуірдегі №224-VII «ҚР Әлеуметтік кодексінің» 154-бабы 1-тармағы 6-тармақшасына сәйкес білім мекемелеріне мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділіктің қамтамасыз етілу құқығын бұзу фактілері анықталды.
Лауазымды адамдарға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығына бару арқылы профилактикалық бақылау нәтижесінде берілген 2023 жылғы 22 маусымдағы № 230 бұйрығымен бекітілген «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын» бұзу фактілерін жою туралы ұйғарымның орындалуына бақылау қорытындысы бойынша ұйғарымның орындалмағаны анықталып, нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
2024 жылдың басынан бастап мемлекеттік әлеуметтік инспекторлармен жүргізілген тексірестер қорытындысы бойынша анықталған құқық бұзушылықтарды жою туралы 44 ұйғарым берілді, 13 млн 660 мың теңге көлемінде 39 айыппұл салынды.
Қоса кетеск, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында заңбұзушылықтар болған жағдайда Орал қаласындағы Сарайшық көшесі 44/2 үй мекенжайы немесе 8-7112-506-828 телефоны бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне жолығуға болады.