Биыл пилоттық режимде ұйымдастырылып жатқан аудан әкімдерінің сайлауы басталды. Бөкей ордасы сайлау учаскелері жұмысын таңғы жетіде бастады. Мемлекеттік гимн орындалып, учаске ашылды. Одан соң ауыл ақсақалы Тілеген Арыстанбеков ақ батасын берді.
Аудандық аумақтық сайлау учаскесінің төрағасы Нұркен Сабыровтың айтуынша, 22 сайлау учаскесінің 147 мүшесі бар. Сайлау учаскелері негізінен мектеп, мәдениет үйі, клуб, спорт кешені сияқты ғимараттарда орналасқан. Халық дауыс беретін орындар қажетті байланыс құралдарымен толық қамтылды.
- Ауданда 9114 дауыс беруші бар. Олардың 360-ы мүмкіндігі шектеулі адам. 63 дауыс беруші ерекше күтімді қажет етеді. 38 көз мүкісі, 13 құлақ мүкісі және 12 мүгедек арбасымен қозғалады. Барлық учаске пандус, шақыру құрылғысы, Брайл шрифті сияқты қажет дүниялармен қамтылды. Сол себепті біз осы бір саяси додаға толық дайынбыз деуге болады. Аудан үшін ерекше маңызға ие дода барысында дауыс беруге келе алмайтын жандардың үйінен өз таңдауын жасауға жағдай жасаймыз, - дейді аудандық аумақтық сайлау комссиясының төрағасы Нұркен Сабыров.
Бұған дейін елімізде болмаған саяси дода ерекше ұйымдастырылып жатыр. Таңдау жасауға келген әр тұрғынға аудандық аумақтық сайлау комиссиясы ұлттық тағамдар, көже, айран және ыстық бауырсақ ұсынылуда. Сондай-ақ ең алғаш дауыс берген жастарға да арнайы сыйлық дайындалған.
-Ел Президенті қыркүйек айындағы Жолдауында аудан әкімдерінің сайлауы өтетінін жариялады. Бұл демократиялық қоғам құрудағы алғашқы қадамымыз. Бар өмірін осы ауданға арнаған азамат ретінде мен де таңдауымды жасадым. Ең бастысы еліміз аман болсын. Аудан әкімі елмен етене араласып, халық ішінде жүрген үкімет адамы. Елдің мұң-мұқтажын тыңдап, көлденең келген мәселені шешетін тұлға. Сол себепті бұл сайлауға немқұрайлы қарауға болмайды, - дейді Бөкей ордасы ауданының «Құрметті азаматы» Қитеш Бисенғалиев.
Айта кетейік Бөкей Ордасы ауданы әкімі лауазымына Нұрлыбек Даумов, Нарынбек Кереш және Мейрамбек Гилманов таласуда.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz