8.10.2024, 10:00
Оқылды: 125

БҚО-да ауқымды жобалар жалғасын табады

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысымен жылма-жыл тілдерді (қазақ, ағылшын) тегін оқыту курстары ұйымдастырылады. 2024 жылы мемлекеттік тіл курсына 700 адам, ағылшын тілі курсына да 700 адам жазылған. Мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдірген 240 тыңдаушы өзге ұлт өкілі екен. Біз бұдан қазақ тілін үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдерінің жыл сайын көбейіп келе жатқанын байқаймыз. Бұл туралы және басқа да қазақ тілінің мәртебесін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында аталған басқарманың басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев баяндады.

куанышбек мукангалиев

Ол 1 қазан күні өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте жоба-жоспарлардың мән-маңызына тоқталды.

– «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсеніңқуаттысы – тіл» деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанкүні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны – қалың қазақ үшін өтеқуанышты жағдай. Басқарма «Қазақстан Республикасындағы тілсаясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында жыл бойы жүйелі түрде жұмыс атқарып келеді. Әлеуметтік зерттеу қорытындысы бойынша 2023 жылы облысымыздағы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 85,5 пайызды құрады. 2005 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен мемлекеттік құрылымдарда іс жүргізуді мемлекеттік тілге көшіру кестесі бекітілді. Өңір бойынша құжат айналымдағы қазақ тілінің үлесі 2024 жылдың 3 тоқсанында 97,5 пайызды құрады, – деді Қуанышбек Жанболатұлы.

Спикердің сөзіне сүйенсек, Қазақстан халықтарының тілдері күніне орай өңірімізде «Тіл – тұтастық туы» атты жалпыхалықтық фестиваль ұйымдастырылған. Іс-шараның мақсаты – Қазақстан халқының тұтастығын сақтау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, өскелең ұрпақты әр халықтың мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарауға шақыру.

Осы фестивальде жыл бойы өткізілген шаралар қорытындыланып, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген азаматтар ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің алғысхаттарымен марапатталған. Жалпы өңірімізде тіл айлығы аясында 150-ге жуық іс-шара ұйымдастырылған.

– Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бүлдіршіндер арасында облыстық «Бала тілі – бал» байқауы өтті. Орыс тілін меңгерген қазақ жастарын анықтау және қолдау, тіл мәдениетін көтеру мақсатында «Ой-сана» сайысы өтті. «Тіл шебері-2024» байқауы арқылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қызметшілерді анықтап, оларды ынталандыруды көздедік. «Қазақша quiz» зияткерлік сайысының мақсаты – қазақтың тілін, тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ғылымын, өнерін, әдеби мұраларын насихаттау. Бұл сайысқа мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, қоғам белсенділері қатысуда. Мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізудің нормативтік талаптарын сақтау, кеңсе құжаттарын дайындау, кеңсе қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағытында «Мемлекеттік тіл– кеңсе тілі» курсы ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Тәжірибеалаңы: тіл, әдістеме, нәтиже» атты кешенді іс-шаралар аясында«Қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша смарт білім беру: әдістемелер мен технологиялар ресурсы» тақырыбында облыстық семинар өтті. Аталған семинар мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсетуді, пән бойынша берілетін білімнің мазмұнын саралауды көздеді, – деді басқарма басшысы.

Қуанышбек Мұқанғалиев 5-11 тамыз аралығында «Алтын көпір» халықаралық фестивалінің ұйымдастырылғанын айтып өтті. Осы ауқымды жоба арқылы Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасы өкілдерімен тығыз мәдени-әлеуметтік байланыс орнатылған. Сондай-ақ Ресей Федерациясындағы қазақ диаспорасы өкілдерінің ана тілін үйренуіне қолдау көрсетілген. Аталған іс-шараға Самара, Саратов, Орынбор, Астрахань, Волгоград облыстарындағы қазақ диаспорасының өкілдері және жергілікті лингвист ғалымдар, өлкетанушылар қатысқан.

Фестиваль қатысушылары облыс аумағындағы тарихи-мәдени нысандарды аралаған. Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарына экскурсия ұйымдастырылған. Сонымен қатар ұлттық сәндік-қолданбалы өнер түрлері мен ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауды үйрету бойынша шеберлік сабақтары, «Ұлттық код – рухани жаңғыру негізі» және «Шежіре – ұлттық тарихтың бір тармағы» тақырыптарында семинарлар өткізілген.

– Облыстық «Орал өңірi» газетінің «Тіл-тұғыр» арнайы қосымшасы арқылы лингвист мамандардың, филолог ғалымдардың тіл туралы мақалалары жұртшылық назарына ұсынылуда. Сондай-ақ аталған басылым беттеріне тіл мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шаралар жайындағы мақала-материалдар жарияланып жүр. «Aqjaiyq» телеарнасының «Тіл – ұлт руханиятының өзегі», «Мәртебелі тіл» айдарлары арқылы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытында ақпараттық-танымдық бағдарламалар жарық көруде. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуын қадағалау, көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы мәтін сауаттылығын біріздендіру мақсатында мониторинг тобы жұмыс істейді. Жұмыс тобының басты міндеті – «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заң талаптарының сақталуы бойынша әдістемелік көмек көрсету. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді Қуанышбек Жанболатұлы.

Мәрлен Ғилымхан

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале