Батыс Қазақстан облысында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кең көлемде тойланып, ауыл еңбеккерлерінің ел экономикасына қосқан үлесі бағаланды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы қатысып, ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық маңызын атап өтіп, еңбек адамдарына алғыс білдірді.

Әкім өз құттықтауында ауылдың – ел ырысы мен берекесінің бастауы екенін, ал ауыл шаруашылығының – халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін шешуші сала екенін ерекше айтты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аграрлық секторды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруда еңбек адамдарын үлкен сенім күтіп тұрғанын жеткізді.
Облыс басшысы бірқатар маңызды бағдарланың нәтижелеріне тоқталды. Соның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы.
2023–2024 жылдары аталған бағдарлама аясында 1 317 жоба қаржыландырылып, 9,4 млрд теңге несие берілген, нәтижесінде 1 604 жаңа жұмыс орны ашылды.
2025 жылы да бұл қолдау жалғасын тауып, 5,5 млрд теңгеге 855 жоба жүзеге асырылмақ.

Сонымен қатар өңірде алғашқы рет іске қосылған «Қаладан ауылға» бағдарламасы да маңызды бастама ретінде атап өтілді. Бүгінде осы бағытпен облыс ауылдарына 1000-ға жуық тұрғыны бар 195 отбасы қоныстанып, ауылдың дамуына үлес қосып келеді.
Еңбек адамын қолдау бағытында биыл ҚР Президенті алғашқы рет «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағын табыстағаны айтылды. Бұл марапатқа ие болғандардың қатарында Ақжайық өңірінің өкілі — малшы, «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Тұрар Сейтқалиев бар.

Сондай-ақ мал бордақылау кешендерін салып, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырған «Терра Ақжайық» ЖШС директоры Қайыржан Наурызғалиев «Құрмет» орденімен марапатталғаны атап өтілді.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтар мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды.
«Құрмет» ордені өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға елеулі еңбек сіңірген екі азаматқа табысталды:
Талғат Берекешев, «Кублей» ЖШС директоры. Мәлік Шалменов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың профессоры. Сондай-ақ еңбек жолын ауыл шаруашылығына арнап, саладағы тұрақты көрсеткіштерімен көзге түскен азаматтар III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Бұл құрметке:
Нәсіпқали Қаирхомұлы Қайрхомов, «Нұр-тілек» шаруа қожалығының жетекшісі. Нағым Қита Тәжмұратов ие болды.
Сондай-ақ бірқатар еңбеккер Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің алғыс хатымен, Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Министрдің Құрмет грамотасы және облыс әкімінің арнайы номинацияларымен марапатталды.

Автор: Бекзат Қанәділ