Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Құрайлысай ауылдық округіндегі Жұбан және Сайқұдық ауылдарын сумен қамтуда іркілістер туындады, - деп жазады kaz.inform.kz.

Фото: kaz.inform.kz
Ауыл тұрғындарының Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, аталған екі елді мекенде бір апта бойы ауыз су болмаған.
— Жаман деген жерде ұңғымадан су шығару үшін амалдар жасалғанымен, ешқандай нәтиже болмай тұр. Тұрғындарға су тасылып берілуде, бірақ бұл жеткіліксіз. Малды қалай суармақпыз? — дейді тұрғындар.
Тұрғындардың енді бірінің сөзіне қарағанда, су есепсіз жұмсалады. Адамдар ауыз сумен малын суарады. Мал суару үшін жер асты құдығы, Өлеңті өзенінің аз болса да суы бар. Егер құдық көзі аршылмаса, алдағы уақытта екі ауыл да судан зардап шегуі мүмкін. Жаманның басындағы электр желілері де ескірген. 2015 жылға дейін Сайқұдық елді мекенінің тұрғындары суды Жұбан ауылынан тасып ішкен.
Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Ақжайық ауданы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.
Әкімдік мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Мұнараға қосылған ұңғымалардың бірі тазаланып, ауыз су жинақталуда. Екінші ұңғыманы қосу үшін барлық қажетті материалдар жеткізілді. Ұңғыманы қайта іске қосу бойынша қажетті жұмыстар атқарылуда.
— Күні бүгін резервуардағы су деңгейіне байланысты ауыз су кесте бойынша беріледі. Сондай-ақ осы жұмыс түрлерін атқару кезінде халық үшін ауыз су тасымалдау ұйымдастырылды. Екінші ұңғыманы тазартып, іске қосқаннан кейін су қалыпты режимде берілетін болады, — делінген ресми жауапта.
Аудан әкімі Мұрат Сердалин барлық маманның ұңғыманың басында бірнеше күннен бері жұмыстанып жатқанын жеткізді.
— Ешкім де сусыз қалмайды. Халыққа суды тасып та беріп жатырмыз. Орал қаласынан «Батыс су арнасы» ЖШС-ның мамандары шақыртылды. Ұңғымалардың пайдалануға берілгеніне біраз уақыт өткен, судың деңгейі түскеннен кейін шығуы азайған. Енді соны іске қосу үшін барлық күш жұмылдырылатын болады, — деді М.Сердалин.