Батыс Қазақстан облысында «Ауыл — ел тірегі: жаңа даму кезеңі мен әріптестік» атты ауылдық округтер әкімдерінің I форумы өтуде. Оның аясында тұңғыш президент алаңында ауыл кәсіпкерлерінің көрмесі өтті. Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев көрмені аралап кәсіп иелерімен тілдесті.

Сонымен қатар, өнер орталығының ішінде де бірқатар тақырыптық көрме алаңдары жасақталды. Оларды кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ цифрлық технологиялар басқармалары ұйымдастырған. Мұнда өңірдегі бизнес, әлеуметтік қолдау және цифрландыру салаларындағы жобалар мен бастамалар таныстырылды.
Көрме барысында ауданнан келген кәсіп иелерінің өнімдеріне қызығушылық танытқан әкімдер де болды. Атап айтқанда, Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев өз ауданындағы кәсіпкерлерді қолдау мақсатында әрқайсысынан бір өнімнен сатып алды.

Бұл шара өңірдегі ауыл кәсіпкерлігін дамытуға серпін беріп, жергілікті өнімдерді насихаттауға мүмкіндік туғызды.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz