Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингке Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев, БҚО кәсіпкерлік кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетов қатысып, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты жергілікті атқарушы органдар қабылдаған іс-шаралар туралы баяндады.
БҚО кәсіпкерлік кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Бекетов облыста баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бүгіннен бастап күнделікті мониторинг жүргізілетінін жеткізді.
– Қазіргі таңда облысымызда негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның тұрақтылығы байқалып отыр. Кейбір орындарда әлеуметтік маңызы бар тауарлар құнының өсуі байқалады. Соған жол бермеу үшін нақты іс-шаралар жүргізіп отырмыз. Облысымызда әлеуметтік маңызы бар тауарлар өндірісінің балансы жасақталды. Негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарларға тапшылық жоқ. Республикамыздың басқа өңірлерінен артығымен өндірілетін тауарларды жеткізу мәселесі пысықталуда, – деген Ернар Бекетов 15 наурыз күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен елде төтенше жағдай жариялануына байланысты қабылдануы тиіс іс-шараларға тоқталды.
– Ірі сауда нысандары санитарлық қауіпсіздікті сақтай отырып, күндізгі 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс жасауы керек. Азық-түлік дүкендері, азық-түлік супермаркеттері, азық-түлік базарлары, жанар-жағармай бекеттері, медициналық тауарларды таратушы нысандар санитарлық және дизенфекциялық шараларды қабылдай отырып, күнделікті режимде жұмыс жасайтын болады. Кондитерлік және нан өнімдері сырты қапталған күйде сатылымға шығарылуы тиіс. Базарлардың жұмысын санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, таңертеңгі 11.00-ден 17.00-ге дейін шектеу, кафе-мейрамханалар мен басқа да қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын кешкі сағат 22.00-ге дейін шектеу белгіленді. Төтенше жағдайға байланысты кафе-мейрамханаларда өтетін жиындарға келушілердің саны 50 адамнан аспауы қажет. Сауда орталықтарындағы, кинотеатр мен театрлардағы, фитнес-орталықтарындағы, тренажер залы мен түнгі клубтардағы халық көп жиналатын ойын-сауық нүктелері қызметін тоқтатуы тиіс. Спорттық шаралар көрерменсіз өткізіліп, отбасылық, салт-дәстүр шараларына да шектеу қойылды. Төтенше жағдайлар жариялануына байланысты мемлекеттік органдармен белгіленген тәртіп-талаптар орындалмаған және бұзылған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге немесе 15 тәулікке дейін қамаққа алып келеді. Сондай-ақ санитарлық ережелер мен гигиеналық нормативтерді, адамдарға қасақана ауру жұқтыру, улау орын алған жағдайда 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық түзеу жұмыстарына тартылады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Қалыптасқан жағдайға байланысты бақылау органдары кәсіпкерлік субьектілерін алдын ала ескертпей, жоспарсыз тексеруге құқылы. Тұрғындарға шындыққа жанаспайтын ақпараттарды көпшілікке таратуда мұқият болуды ескертемін, – деді басқарма басшысы Е.Бекетов.
Айнагүл Серікқызы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер