Өңіріміздегі 413 ауылдық елді мекеннің 357-сі интернетпен қамтамасыз етілген. Халық саны 3,2 мың болатын 56 ауыл интернетпен қамтылмаған. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерғали Ержанов айтты.
Өткен жылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің байланыс және интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітіліп, Орал қаласы мен 70 ауылдық елді мекенде мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жұмыстары іске асырылған.
– Ұялы байланыс бойынша биылғы жылға Орал қаласында және 183 ауылдық елді мекенде мобильді интернетпен қамтудың сапасын жақсарту және кеңейту бойынша елеулі жұмыстар, оның ішінде 41 ауылда жаңа базалық стансалар салу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 21 ауылда мобильді интернетпен қамту және сапасын жақсарту жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жаңа базалық стансалар бірқатар ауылдарда орнатылған. Жыл соңына дейін тағы 8 ауылды жаңа базалық стансамен қамтамасыз ету жоспарда. Ал Beeline байланыс операторы облысымыздағы 132 ауылдың байланыс сапасын жақсарту және 23 ауылға жаңадан базалық стансаларды орналастыру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда 14 базалық станса орнатылды. Осы жылдың соңына дейін өңіріміздің 9 ауылдық елді мекеніне базалық станса орнату жұмыстарын жүргізу жоспарда.
Биыл сымды интернетті ұйымдастыру бойынша «Қазақтелеком» АҚ «радиокөпір» технологиясы арқылы Жаңақала ауданының Жаңақала, Теректі ауданының Подстепный және Теректі, Қаратөбе ауданының Жусандыой және Бәйтерек ауданының Переметный ауылдарына интернет жүргізген. Келер 2025 жылға облыс орталығының түгелдей оптикалық желілерге көшуін ұйымдастыру жоспарда.
Орал қаласының жеке секторларын интернетпен қамтамасыз ету үшін операторлар Батыс Қазақстан электржелілік тарату компаниясымен бірлесіп, электр жетектерін қолданып жұмыстар атқаруда. Мысалы, өңіріміздің шағын байланыс операторлары Құс фабрикасы, Сарытау, Ғалымдар ауылы, Сарыарқа, Ескі әуежай, Жұлдыз шағынаудандарын, Зашаған, Деркөл кенттері, Тоқпай және Подстепный ауылдарын, Орал қаласының Самар көшелерін, «Дружба», «Новь», «Хуторок», «Ивушка» және «БАҚ денсаулығы» бау-бақша серіктестіктерін, Бәйтерек ауданының Мичурин ауылындағы Жером тұрғындарын талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді, – деді Ерғали Қуанышпекұлы.
Спикердің сөзінше, биыл ҚР ЦДИАӨМ телекоммуникация комитетінің өңіраралық байланыс инспекциясы жоспардан тыс 35 тексеру жүргізген. Оның 14-і – ауылдық елді мекендерде, ал 21-і Орал қаласында жүргізілген. Тексеру барысында байланыс операторларының белгіленген стандарттарға сәйкес келмеуі анықталып, жалпы сомасы 66,4 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынған.
Облысымызда 2024-2027 жылдары 231 ауылды талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету жоспарлануда. Халық саны 50-ден аз болып келетін 44 ауылға спутниктік технология арқылы интернетпен қамту бойынша ұсыныс берілген. Ұлттық жобаның ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылықтарына дейін интернеттің «соңғы милін» субсидиялау іс-шарасы аясында өңіріміздегі 92 ауылды интернетпен қамтамасыз ету бойынша тиісті іс-шаралар жүргізілуде.
Жанерке Мерекеқызы
zhaikpress.kz