23.07.2018, 21:25
Оқылды: 50

БҚО-да балалар құқығын қорғау мәселелері талқыланды

 

AitpaevaБүгін облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты С.М.Айтпаеваның қатысуымен дөңгелек үстел өткізілді. Дөңгелек үстелге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғ.А.Оспанқұлов, облыстық басқармалар, балалар тәрбиелейтін мемлекеттік ұйымдардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты.


Шара барысында білім, денсаулық сақтау басқармалары және Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі басшыларының өңірдегі кәмелеттік жасқа толмаған балалардың құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету жағдайы, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, денсаулығын сақтау, сонымен қатар жетім балалардың құқықтарын сақтау бағытында атқарылған жұмыстары туралы баяндамалары тыңдалды.

Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қолданыстағы қамту жүйесін жетілдіру туралы пікірлерін білдіріп, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықты үйлестіру бойынша және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова  қорғаншылық және қамқоршылық қызметін жүзеге асыруда мамандардың жетіспейтіндігін алға тартты.

Жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Кенжебек Құспаевтың айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға төмендеген. Кәмелетке толмағандар арасында орын алған қылмысқа талдау жасағанда, бөтеннің мүлкін ұрлау қылмысы жиі кездесетіндігі анықталған. Мәселен, биылғы жылдың алты айында болған 63 қылмыстың 28-і - бөтеннің мүлкін ұрлау. Сондай-ақ Орал қаласы мен Қазталов ауданында жасөспірімдер арасында қылмыстың өсуі байқалады.

Балаға үлкендер тарапынан қарапайым мейірімінің жетіспейтіндігін тілге тиек еткен ҚР  Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Сәуле Мұханбедиянқызы аналарымыз бен әжелерімізден қалған рухани құндылықтарды жандандыру қажеттігін айтты. Сонымен қатар ол үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің бірқатар сауалдарына жауап беріп, Бала құқықтары жөніндегі институты және елдегі кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жағдайы туралы ақпарат берді.

Гүлжамал Кенжеғалиева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале