1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні облыстың барлық аудандарында да сән-салтанатымен аталып өтті. Бұл туралы аудандардағы филалдарымыздың тілшілері хабарлады.
Ең сәулелі мейрам күні «Нұр Отан» партиясы Тасқала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Думан Ғазез белсенді балдырғандармен кездесіп, оларға игі тілегін арнады.
Ал Жымпитыда балалардың қатысуымен музыкалық оркестр мен ансамбльдер шеруі өтті. Сонымен қатар «Алаш Орда» саябағында асфальтқа сурет салудан жарыс та көптің көңілінен шықты. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы қазақтың ұлттық ойындары асық ату және ләңгі тебуден, ал мәдениет үйінің фойесінде «Қайсар» спорт клубы дойбы ойынынан жарыстар ұйымдастырды.
Қазталовта "Нұр Отан" партиясының "Бақытты балалық шақ" акциясы аясында балаларды қорғау күніне орай ауыл азаматтарының демеушілігімен балаларға арнап дала қызықтары ұйымдастырылды. Веложарыс, арқан тарту, тай жарыс және құнан жарыста жүлделі орынға іліккен балалар сыйлыққа ие болды. Жалпақтал ауылының орталық саябағында төгілген ән мен күй мереке шырайын аша түсті. Дәл осы күні қос білім ордасында жазғы лагердің ашылу салтанаты өтті.
Халықаралық балаларды қорғау күнін бөрлілік балғындар да кеңінен тойлады. Кәсіпорын қызметкерлерінің ұйымдастыруымен викториналық сұрақтар мен жұмбақ шешу сайыстары, жол қауіпсіздігі ережелерін білу сынды қызықты байқаулар болды. Көңілді байқаулардан сүрінбей өткен балғындарға ұйымдастырушылар сыйлық таратты.
Жәнібекте өткен мерекелік концертте сайқымазақ пен ертегі кейіпкерлері белсенділік танытқан бөбектерге сыйлық беріп, балдырғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Одан әрмен думанды кеш аудандық психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті балаларының мерекелік концертіне ұласты.
Шыңғырлау ауданындағы мерекелік концерт кішкентай Оралбек Айбектің «Бір жұлдыз» әнімен басталды. Кезекпен ән шырқап, сахнада би билеген бөбектер өнері бір-бірінен асып түсіп, көрермендердің қошеметіне бөленді.
Ақжайық аудан орталығы – Чапаевтың басты алаңында Халықаралық балалар күніне арналып мерекелік шеруден басталған ауқымды шара өтті. Жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтады.
Бұл күні Жаңақала ауданында "Балдәурен" демалыс лагері салтанатты түрде ашылды. Аудандық тәрбие жұмысы орталығы жанынан ашылған лагерь 7 кезеңнен тұрады. Әр кезеңде 70 баладан барлығы 500 бала қамтылады деп жоспарлануда. Лагерь мерзімі 1 маусымнан - 31 шілдеге дейін.
Ал Бөкей Ордасы ауданы Сайқын ауылында балаларға базарлық ретінде қызықты мультфильмдер көрсетілді.
Қаратөбеде бұл күні «Айгөлек» байқауы өтті. Байқаудың ережесіне сай 3 пен 6 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балалар ән салу, би билеу және батырлар жырын мәнерлеп оқу жанры бойынша қатысты. Барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар және тәтті шырындар табыс етілді.
zhaikpress.kz