29.07.2019, 11:44
Оқылды: 32

БҚО-да бекірені заңсыз аулаған 12 адам жазаға тартылды  

 

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы прокуратурасы балық ресурстарын заңсыз алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруде заңдылықтың сақталуына қажетті қадағалауды қамтамасыз етті.

osetr

Батыс Қазақстан облысы прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжанның айтуынша, ағымдағы жылы аумақтық инспекция және полиция қызметкерлері Жайық өзенінде заңсыз түрде жалпы салмағы 20,4 кг болатын 25 дана бекіре аулаған 12 адамды ұстады.

Алмалы, Ақбұлақ, Жанама, Қарауылтөбе, Шабдаржап ауылдарының бұл тұрғындары ау құралдарын пайдаланып, «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Заңының 39-бабының өзендерде бекіре балықтарды аулауға тыйым салу туралы талаптарын бұзған.

Ақжайық аудандық сотының үкімі бойынша кінәлілер балық ресурстарын заңсыз алғаны үшін ҚК-тің 335-бабының 3,4-бөліктеріне сәйкес айыпты деп танылып, оларға 1 жылдан 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу және шартты түрдегі жаза кесілді, сондай-ақ 200 сағат қоғамдық жұмыс тағайындалды.

Сотталғандардан барлығы 10,9 млн. теңге материалдық шығын өндіріліп, алынған балықтар мен транспорттық құралдар мемлекет пайдасына тәркіленді, ал ау, шана, күрек және тағы басқалары қылмыс құралы ретінде жойылды.

Сот актілері заңды күшіне енді.

Прокуратура бекіре балықтарын заңсыз аулағаны үшін Қылмыстық кодекстің 335-бабымен қылмыстық жауапкершілік және айыппұл, түзету жұмыстары, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамау, бас бостандығын шектеу және айыру жазалары көрсетілгендігін ескертеді.

Сурет ашық ақпарат көздерінен алынды

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале