2019 жылдан бері өңірде «Батыс Қазақстан облысының қауіпсіз жолдары» жобасы жүзеге асып келеді. Бұл – жергілікті «Жайық таңы» ҚБ қолдау білдірген және «Шелл Қазақстан», «Эни» және «EASST» компанияларының бірлескен жобасы. Аталған жоба облыс әкімдігі мен жоғарыда аталған компаниялар арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес жүргізілді. Оралда өткен «Батыс Қазақстан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету: өзектілігі мен келешегі» атты конференцияда бес жылда жоба аясында атқарылған жұмыс қорытындыланды.
Бес жылда «БҚО қауіпсіз жолдары» жобасы аясында өткен іс-шараларға 93 000 адам қамтылған. Сондай-ақ 16 жасқа толмаған 65 000 бала, мүгедектігі бар 260 адам мен 9000 жаяу жүргінші қатысқан. Семинарлар мен акциялар ұйымдастырылып, жол қауіпсіздігіне мониторингтер жүргізілген.
– Бұл конференция – біздің бірлескен күш-жігеріміздің нәтижесі ғана емес, сонымен бірге өңірдегі жол қауіпсіздігін одан әрі дамыту және жетілдірудің бастапқы нүктесі. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің облыстың басымдықтарының бірі. Жобада төрт негізгі бағытқа ерекше назар аударылды. Апаттан кейінгі шұғыл әрекет ету, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру және көшені трансформациялау, мүгедіктігі бар жандар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету және жалпы қауіпсіз жүргізуді ынталандыру. Бұл – қалалық ортаның барлық аспектісін қамтитын көпдеңгейлі тәсіл. Ұзақ мерзімді оң өзгерістер әкелетініне сенімдімін. Бұл жұмыстар осымен аяқталмайды. Жоба аясында жиған біліміміз бен тәжірибемізді шыңдап, халықтың қауіпсіздігін сақтау бағытында жұмыс атқара береміз, – деген облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов жобаны жүзеге асыруға септігін тигізген компанияларды облыс әкімінің алғысхатымен марапаттады.
Конференция барысында жобаны іске асыру және аймақ жолдарындағы қауіпсіз-дік мәселелерін шешу барысында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. «EASST» компаниясының аймақтық директоры және сарапшы Сергей Дякон ең алдымен облыс әкімдігіне алғысын жеткізді. «Себебі БҚО өзге облыстардың арасында бірінші болып аймақтағы жол қауіпсіздігі стратегиясын дайындады», – деп атап өтті сарапшы.
«Шелл Қазақстан» компаниясының әлеуметтік мәселелер бойынша сарапшысы Алия Ибадильдина: «Жоба бес жыл ішінде үлкен жетістіктерге жетті деп ойлаймын. Жоба аяқталса да, тағы да жаңа бастамалар жүзеге асатынына сенімдімін. Бізге зор қолдау білдіргені үшін облыс әкімдігіне алғысым зор. Бұл өңірде жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған жұмыстар арта түседі деп санаймын. Жалпы жолдардың қауіпсіз болуына бәріміз бірге үлес қосайық», – деді.
Ал жобаның БҚО-дағы менеджері, «EASST» сарапшысы Татьяна Михайлованың айтуынша, өңірдегі жол инфрақұрылымын жақсартуға қатысты 27 аудит жүргізілген. Әсіресе мектептердің төңірегі ерекше назарға алынған. Облысқа жол қауіпсіздігі бойынша үш мобильді алаң тарту етілген. Бұл алаңдарда теория мен тәжірибе жүзіндегі сабақтар өткізіледі. Балалар арнайы тренажерлар арқылы шынайы жолда қалыптасқан жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін үйренеді. Бұл үшін арнайы оқыту топтамасы дайындалған.
Мысалы, мұнда 5-14 жас аралығындағы 29000 бала білім алған. Ал «Жайық таңы» ҚБ төрайымы, жоба жетекшісі Гүлбаршын Мұштанова қазіргі таңда көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілер өздерінің қауіпсіздігіне көп көңіл бөлулері керек екенін атап өтті. Жол жүру ережелерін сақтаудың қаншалықты маңызды екенін естен шығармаған жөн деді. Қала тұрғындарының жол қауіпсіздігі бойынша қандай білімі барын анықтау үшін жүргізілген сауалнамаға 20 000-нан астам адам қатысқан. «Батыс Қазақстан облыстық мүгедектердің ерікті қоғамы» ҚБ төрағасы Жұмажан Қожжановтың сөзінше, жоба аясында мүгедектігі бар жандарға ерекше назар аудару жөнінде ұсыныстар айтылған.
Соған сай аутобос жүргізушілерімен, контролерлермен кездесулер ұйымдастырылып, мүгедек жандарға деген көзқарастың қандай болу керектігі, оларға қалай көмектескен дұрыс екені айтылған.
«Мен бұл жоба әлі де жалғасын табады деп ойлаймын. Себебі мұндай жұмыстың қажеттігі күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Әзір маңызын жоймайтын да шығар», – деді зейнеткер.
«БҚО қауіпсіз жолдары» жобасына облыстық полиция департаментінің қызметкерлері де белсенді қатысқан. Іс-шара барысында БҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ернар Сұлтанғалиев жобаны жүзеге асыруға атсалысқан компания өкілдеріне алғысхаттар табыс етті.
Конференцияның өзге де қатысушылары жобаның маңызы туралы айтып, атқарылған жұмыстар жөнінде ойларын ортаға салды. Олар, әсіресе, тұрғындар мен жүргізушілердің жол жүру мәдениетін есте сақтап, жол ережелерін бұзбаулары қажет екенін ерекше атап өтті.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz