29.08.2018, 15:24
Оқылды: 76

БҚО-да білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өткізген селекторлық кеңесте облыстағы білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы пысықталды. Селекторлық кеңесте баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың мәліметінше, өңірде 380 мемлекеттік мектеп бар. Мектептерде 100 мыңнан астам оқушы білім алады.

Жылма-жыл оқушылар саны өсуде. Оқушылар контигентінің өзгеруіне байланысты Теректі ауданындағы Еңбек орта мектебі мен Қазталовтағы Көпкүтір бастауыш мектебі негізгі мектеп болып қайта құрылған. Сырым ауданындағы Жаңаөмір бастауыш мектебін жабу жоспарлануда.

Мектептерде былтырға оқу жылы 12 260-тан астам мұғалім сабақ берген. Облыс бойынша биыл 248 жас маман жұмысқа қабылданған. Дегенмен кейбір білім ошақтарында мамандар тапшы. Тағы да 205 педагог қажет. Оның ішінде орыс тілі мен әдебиеті, математика пәндерінің және бастауыш сынып мұғалімдеріне сұраныс көп. Жергілікті бюджеттен оқулықтарды сатып алуға 2 730 млн. теңге бөлінген. Қаратөбе мен Теректіден басқа аудан мектептеріне оқулық жеткізілген. Облыс әкімі Ғабидолла Оспанқұлов аталған аудан әкімдіктері өкілдеріне жеткізуші тарап оқулықтарды әкелуді кешеуілдетуін күтпей, алдын ала қамданып, оқу жылына толық әзірлікті қамтамасыз етуді, кідіріс болса, мердігерден айыппұл өндіртіп алуды тапсырды.

mektep

Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова 352 мектепте 67 757 бала ыстық тамақпен қамтылатынын айтты. Баяндамашының сөзінше, 148 елді мекенде 1768 оқушыны мектепке жеткізуге 60 автобус пайдаланылады. 411 бала мектеп жанындағы интернатта тұрады. Дегенмен оқушыларды тасымалдауға бірқатар аудандарда 14 автобус керек. Әсіресе, Бөкей ордасына төрт, Зеленовқа бес көлік қажет. Жиында Зеленов ауданы әкімінің орынбасары Ринат Шәуенов екі-ақ елді мекенге автобус жетіспейтінін, оған қаражат қарастырылып жатқанын, кәсіпкерлер келісім жасалып, уақытша көлік тасымалымен қамтамасыз етілгенін айтты. Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Тельманқызы М.Мәметова атындағы мектептің жанындағы интернатқа жаңа «УАЗ» көлігі алынғанын, аудандағы үш елді мекеннен мектепке қатынайтын көліктер жарамды екенін айтты.

– 2018 жылы Орал қаласы мен Бөрлі ауданындағы мектепке дейінгі ұйымдарға кезек қою және жолдама беру қызметі автоматтандырылды. Биылғы ақпан айында білім басқармасы атынан цифрлық білім беру ресурстарын дамыту мақсатында балабақшаларға онлайн құжат қабылдауды жүзеге асыру жөнінде ауданы әкімдеріне хат жолданды. Аталған мәселені шешу үшін Ақжайық, Қаратөбе, Тасқала, Теректі аудандарында қаражат қарастырылса, қалған аудан әкімдіктері бұған бей-жай қарауда. Мектепке дейінгі ұйымдарға кезек қою және жолдама беру білім жүйесін цифрландырудың 2018-2020 жылдарға арналған жол картасына енгізілген, – деп хабарлады Шолпан Қадырова.

– Аудан әкімдіктері білім жүйесін цифрландыру мәселесін шұғыл жергілікті мәслихат сессиясында талқылап, қаражат бөлу мәселесін тезірек шешіңіздер. Балалар ұйымдарына онлайн кезек пен жолдама беруді автоматтандыру ата-аналарға қолжетімділікті, уақыт үнемдеуді, ашықтық пен сыбайлас жемқорлықты болдырмауды қамтамасыз етеді, – деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова апатты жағдайдағы білім ошақтарының және тұрғындардың көшіп келуіне байланысты Оралдағы үш ауысымды мектептердің саны көбейіп жатқанын баяндады. Жиында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайдар Құрманов Ақжайық пен Зеленов, Сырым аудандарында кейбір елді мекендерге су құбыры тартылғанымен, мектептерге таза ауыз су жеткізілмегенін және жаңа оқу жылына Орал қаласы мен Ақжайық, Зеленов, Шыңғырлау, Қаратөбе, Теректі аудандарындағы бірқатар білім мекемелеріне оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай жиһаздар мен асханаға қажет құрал-жабдықтар алынбағанын айтып, осы мәселелерді шешуді сұрады. Жиында мәлім болғандай, Орал қаласындағы мектептердің жиһазын жаңалауға қалалық білім бөлімі 109 млн. теңге сұраған. Қала әкімдігі аталған қаражаттың үштен бір бөлігін бюджеттен аударуға әзір. Селекторлық кеңесте облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин оқушылардың жол қауіпсіздігі қамтамасыз ету жөнінде шараларды жүйелі ұйымдастыру және кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілде ата-анасыз жүрмеуін инспекторлармен бірге қадағалау  қажеттігін айтты.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов барлық мәселе қаперге алынғанын, қала және аудан әкімдіктеріне берілген тапсырмалар уақтылы орындалуы керектігін, оқушылардың бірыңғай мектеп формасын киюін қадағалауды айта келіп, білім беру ұйымдары жаңа оқу жылына дайын екенін жеткізді.

 Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале