Янайкин орман шаруашылығы бөлімі мамандары орман алқабына ағаш отырғызуды бастады. Ол аумақта барлығы 28 га құрайтын орман алқабы бар. Бүгін орманшылардың жұмыс істеу барысын көзбен көріп қайттық.
Жалпы биыл облыста 3 220 га жерге ағаш отырғызу жоспарланған. Оның ішінде 592 га жерге көктемде, 2628 га жерге күзгі мезгілде егіледі.
Бұл жұмыстар ҚР Президентінің 2 миллиард ағаш отырғызу жоспары аясында жүргізіліп отыр.
- Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелері тал отырғызуды бастады. Биыл орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық жағдайын жақсарту үшін бюджеттен 52 бірлік техника мен басқа да құрал жабдықтар сатып алуға 801 млн теңге бөлінді. Қазір қажетті құралдарды сатып алу жұмысы жүргізілуде, - деп атап өтті БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Есімов.
Орман алқабы қорын молайту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Орман алқабын үлкейтуден бөлек орманды сақтау мәселесі де өзекті. Бұл бағытта мамандар орманды жазғы уақытта дала өртінен сақтау үшін үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізетінін айтады.
- Біз қазір Янайкин орман шаруашылығы бөлімінде тұрмыз. Бұл жердегі орман алқабы 28 га құрайды. Қазір қарағаш, үйіңкі, шаған, жидек секілді ағаш түрлері отырғызылып жатыр. Бұл отырғызылатын ағаштарды мекеменің тұқымбағында өсіреміз, кейін орман алқабына әкеліп отырғызамыз. Орманды өсіру бар, одан бөлек күтіп ұстау мен өрттен қорғау жұмыстары жүргізіледі. Орманның басты жауы - өрт. Біздің жылдар бойғы еңбегімізді бір өрт жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан да көктемде демалысқа шығатын ағайын даладағы өрт қауіпсіздігін сақтаса екен дейміз, - дейді Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Қайрат Есенғалиев.
Орман албақына ағаштар отырғызу қала маңы мен аудандарда толық жүргізіледі.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz