22.10.2024, 11:00
Оқылды: 381

БҚО-да бизнес жобаларға 23,5 млрд теңге бағытталған

Биыл жыл басынан «Даму» қоры Батыс Қазақстан  облысының шағын және орта кәсіпкерлеріне жалпы сомасы 23,5 млрд теңгеге қолдау көрсетті. Қор арқылы 620 жобаның 365-сі субсидияланса, кепілдік беру құралы арқылы 255 жоба қаржыландырылған.

38ec9a3b-d561-44ce-a3fd-ccd656e7a3d2

«Даму» қорының БҚО бойынша өңірлік филиалының бағдарламаларын ілгерілету жөніндегі бас менеджері Мәлика Рахманқұлова атап өткендей, қор субсидиялау, кепілдік беру және жеңілдік­ті қаржыландыру құралдары арқылы шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетеді. 

– Субсидиялау кәсіпкерлерге несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендетуге және ай сайынғы төлемдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Ал үнемделген қаражатты кә­сіпкер өз ісін дамытуға жұмсай алады. Батыс Қазақ­стан облысында 2010-2023 жылдар аралығында мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер 6100 жаңа жұмыс орнын ашты. Олар бюджетке 455 млрд теңге салық түсірді, – деді М. Рахманқұлова.

Өткен аптада «Даму» қоры БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-турын ұйымдастырып, журналистерге бизнесін дамытуға мемлекеттік қолдау алған үш кәсіпорынды таныс­тырды. Облыстағы қарқынды  дамып келе жатқан кәсіп­орындардың бірі – «Адванс-маркет» ЖШС-ның тігін фабрикасы. Компания 2015 жылы құрылды. Серіктестік басшысы Берік Әбілқасовтың айтуынша, осындай кәсіп­орын ашу және әлеуметтік жұмыс орындарын құру идеясын оған үшінші топтағы мүгедек туысы ұсынған. Идея өмір­шең болып шықты.

d07a5326-20a0-4867-978c-5feedc5aab22

Алғашында кәсіпкер өз қаражатына жабдықтар мен маталарды са­тып алып, үй-жайды жалға алды. Өз қызметін арнайы киім тігуден бастады. Уақыт өте келе, тапсырыс берушілер көбейді. Өндіріс көлемі де өсті.

Компанияның коммуналдық шаруашылық, көлік және құрылыс салалары қызметкерле­ріне арнап шығарған киімді барлығымыз көріп жүрміз. Одан бөлек химия, мұнай-газ, металлургия, тамақ өңдеу, фармацевтика және автомобиль өнеркәсібі салаларының қызметкерлеріне арнайы киім тігеді. Бірер жыл бұрын өндіріс қуатын арттыруды ойлаған кәсіп иесі арнайы ателье мен цех ашу үшін коммерциялық  үй-жай сатып алу туралы ше­­шім қабылдады. «Қазақстан Халық Банкі» АҚ керекті ны­санды сатып алуға несие бер­се, «Даму» қо­ры сыйақы мөл­шерлемесін субсидиялады. Соның нәтижесінде кәсіпорын жылдық 7% ставкамен несие төлейді. Кәсіп­орын берілген соманың жылдық 7%-ын ғана төлейді. Мемлекет қолдауының арқасында тапсырыстар көбейіп, жұмысшылар саны да артты. Бұрынғыдай емес, ісін кеңейткен серіктестік ие­сі киім тігуге қажетті шикізатты Алматы қаласынан жә­не көршілес Ресейден алады.

Қазір фабрикада 28 адам жұ­мыс істейді, оның 23-і – мүм­кіндігі шектеулі жандар. Кәсіп­орын мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысады, жеке компаниялардан тапсырыс алып, Қазақстан өңірлеріне, Ресейге де  дайын өнім жеткізеді.

Журналистер жұмысымен танысқан келесі нысан – «Amada» жеке кәсіпкерлігі. Кәсіп иесі – Әсел Жұмалиева. Ол бизнесін ашқанға дейін  банк саласында қызмет атқарған. Десе де, өз кәсібін ашуды көздеген Әсел жиған қаражатына логопедтермен және психологтермен бірле­сіп, ресейлік тіл үйрету курсының франшизасын сатып алады.

873baa87-a52a-45e1-a1ed-e7ad0be8ec3b

Әсел ханым ашқан оқу орталығында жаңа әдіс арқылы 1 жастан асқан балаларға тіл үйретеді. Бағдарлама өзінің тиімділігін көрсетіп, алғашқы нәтижелерін бере бастаған. Осы кезге дейін бұл орталықта тіл үйренген 200-ден астам бала қалаған оқуына түскен. Бұған дейін тар жерде бала оқытқан кәсіп иесі «Даму» қорының кепілдігімен кредиттік қаражат алып, жалпы аумағы 140 шаршы метр болатын коммерциялық үй-жай сатып алды. 

– Біздің орталықтың миссиясы – жай ғана оқыту емес, балалар ағылшын тілі әлеміне қуана енетін атмосфера ұсыну. Біз әр оқушымыздың  нақты нәтижелерге қол жет­кізуін, сөйлеуді түсінуін және тіл үйренуді жақсы көруін қамтамасыз етуге тырысамыз. Жеңілдетілген несие ар­қылы біз көп оқушыны оқыта аламыз. Орталықтың барлық оқытушысы жоғары бі­лімді және өз ісінің нағыз мамандары. Сонымен қатар  ұстаздарымыз әрдайым бі­лік­тілігін арттырып отырады, – деді Әсел Жұмалиева.

d64aefa7-6f2e-4b1b-aed1-3baee50fcea5

Пресс тур соңында тілшілер «Орал сүт зауыты»  ЖШС-на барды. Бұл серіктестік 2011 жы­лы Батыс Қазақстан облы­сында сүт өңдеу және сүт өнімдерін өндіру кәсіпорны ретінде құрылды. Барлық өнім сәйкестік сертификаттарына ие және сапа стандарттарына сай  келеді. Зауыттың аумағы өте кең,  өндіріс цехы, құю цехы, дайын өнім қоймасымен бі­ріктірілген. Сондай-ақ шикізат пен материалдарды сақтауға, зертханалық жұмыстар жүргізуге және басқа да ілеспе қызметке арналған қосалқы үй-жайлар бар. Меншікте осындай өндірістік базаның болуы зауытқа сүт өнімдерін өндірудің барлық процесін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сүт өнімдерінің ассор­тиментін кеңейту үшін «Орал сүт зауыты» ЖШС «Bank RBK» АҚ-ға жүгінген. Онда кәсіпкерге «Басым жобаларды кредиттеу тетігі» бағдарламасы шеңберінде жылдық 20,5%-дан қарыз мақұлданды, оның 8,25%-ын кәсіпкер төлейді, ал айырмашылықты «Даму» қоры субсидиялайды.

«Орал сүт зауыты» ЖШС компаниясы «Зоркин луг» және «МолокоВо» сауда маркасымен сүт өндірумен айналысады. Қазіргі уақытта сүт өңдеу зауыты жылына 7 200 литр дайын өнім шығарады.

– Зауыт күніне 80 тоннаға дейін сүт өнімдерін шығарады. Өніміміз біздің облыстан бөлек Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Қызылорда өңірлерінде сатылады. Қазір сынақ режімінде майлылығы 2,5% болатын «Зоркин луг» маркалы айран дайындап жатырмыз. Ол өнім тұты­нушыға қараша айында жіберіледі. Жергілік­ті жерде шығарылған айранның сау­да нүктелеріндегі орташа ба­ғасы 390 теңге болады. Жер­гілікті нарық үшін сүт өнімдеріне арнайы баға белгілей­міз, ол 12-15%-ға төмен, – деді «Орал сүт зауыты» ЖШС-ның жоба жетекшісі Дмитрий Абрамов.

«Даму» қорының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, бүгінгі күні ел бойынша жалпы сомасы 13 трлн 6 млрд теңгеге 215 771 жобаға қолдау көрсетілген.

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале