БҚО-да кеше ауа райының қолайсыздығына байланысты ескертулер жасалып, республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды. Күн райының әсерінен өңірде оқыс оқиғалар да тіркелді. Теректі ауданында 62 жастағы тұрғын жоғалып кетті. Бұл туралы БҚО ТЖД-ның баспасөз қызметі хабарлады.
«Кеше кешкі сағат 20:37-де Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында 1961 жылы туған азаматтың күндіз сағат 10.00-де жұмыстан шығып кеткеннен үйге оралмағандығы жөнінде хабар түсті. Департамент қызметкерлері тұрғынды іздеуге жұмылдырылды. Бүгін сағат 13:00-де іздестіру-құтқару жұмыстарына қаладағы әуежайдан «Еврокоптер» әуе ұшағы оқиға орнына көтерілді. Іздеуге барлығы экипаждан үш және жеке құрамнан 25 адам, тоғыз техника жұмылдырылды. Құтқару жұмыстары жалғасуда», деп мәлімдеді департаменттен.
БҚО Төтенше жағдайлар департаменті ауа райының өзгеруін бақылап, сақтық шараларын ескеріп, енгізілген шектеулер туралы ақпаратпен танысуға кеңес береді.
«Ауа райының қолайсыздығына қатысты ақпаратты 112 құтқару қызметінің хабарламасынан, сондай-ақ, «Darmen» мобильді қосымшасының көмегімен нақтылауға болады.
Төтенше жағдай туындаған кезде бірден құтқару желісіне хабарласуды сұраймыз», деп жазылған хабарламада.
zhaikpress.kz