31.10.2024, 13:00
Оқылды: 92

БҚО-да депутаттыққа үміткерлер бекітілді

«AMANAT» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXХІV конференциясы өтті. Оның жұмысына партияның қалалық және аудандық филиалдарынан сайланған делегаттар қатысты.

конференция-1

Жиынды партияның облыстық филиалының төрағасы Мұрат Мұқаев ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

– «AMANAT» партиясының облыстық филиалының кезектен тыс XXХІV конференциясының өкілеттілік талаптарына сәйкес конференцияға 110 делегат сайланды. Жиынға 104 делегат қатысып отыр, 6  делегат түрлі себептермен қатыса алмады. Аудандардан сайланған делегаттар ZOOM арқылы қосылуда, – деді Мұрат Рахметұлы.

Алдымен күн тәртібіндегі партияның облыстық филиалы саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Саяси кеңес мүшесі Айнаш Құбайдуллинаның басқа қалаға қоныс аударуына байланысты орнына Орал қалалық мәслихатының депутаты, фракция жетекшісі, «Батыс Сервис Плюс» ЖШС құрылтайшысы Нұрболат Исмағұловтың кандидатурасы ұсынылып, оны делегаттар мақұлдады.

Сонымен қатар конференцияда Орал қалалық мәслихатына бір мандатты округтерге кандидаттарды ұсыну туралы мәселе қаралды. Орталық сайлау комиссиясы мәслихаттан шығып қалған депутаттардың орнына басқа депутаттарды бір мезгілде сайлау өткізу күнін бекітті. Сайлау 2024 жылғы желтоқсанның екінші жексенбісі – 8 желтоқсанға белгіленген. Партия атынан сол сайлауға «Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті» ғылым-білім кешенінің халықаралық цифрлық технологиялар, сәулет және құқық колледжінің директоры Дамир Әйтімов №11 сайлау округі және «SAPA90» ЖШС директоры Жасұлан Ешмұхамбетов №16 сайлау округі бойынша үміткерлер болып ұсынылды.

Екі үміткер өз бағдарламаларымен таныстырып, партияластарының қойған сауалдарына жауап берді.  «AMANAT» партиясынан Орал қалалық мәслихатының депутаты болған жағдайда партия атына кір келтірмей, сайлаушылардың сенім үдесінен шығатындарын айтты.

Конференцияда Дамир Әйтімов пен Жасұлан Ешмұхамбетов Орал қалалық мәслихатына бір мандатты №11 және №16 округтері бойынша қалалық мәслихатының депутаттығына үміткерлер ретінде бекітілді. Енді үміткерлер тіркелу үшін №11, №16 сайлау округтік комиссияларына жіберіледі.

Конференцияны жабық деп жариялаған партияның облыстық филиалының төрағасы саяси форумға қатысқан делегаттарға ризашылығын білдірді.  Бұдан кейін төраға күні кеше мемлекеттік марапат алған бір топ партия мүшесін мемлекеттік марапаттарымен құттықтап, еңбекте табыс тіледі.

«AMANAT» партиясы БҚО филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиевтің айтуынша, облыс бойынша  төрт (Бөрлі, Бөкей ордасы, Сырым, Бәйтерек) ауданда және қалалық мәслихаттарда басқа қалаға қоныс аударуына және мемлекеттік қызметтерге ауысуына байланысты депутаттардың орны босаған. Соған байланысты конференция жұмысы ұйымдастырылып, қалалық мәслихатқа депутаттыққа үміткерлер бекітілді. «Соңғы кездері партия қатары жасарып келеді. Бізге 35-45 жас аралығындағы азаматтар қосылуда. Су тасқыны кезінде олар өздерінің белсенділіктерін көрсетті. Қазіргі кезде өңірде партияның 27 мыңнан астам мүшесі бар», – деді атқарушы хатшы.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале