21.11.2025, 9:15
Оқылды: 318

БҚО-да екі мемқызметкерге ескерту берілді

 

Облыстық мәслихатта әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда алты мәселе қаралды.  Оның екеуі тәртіптік іс, қалғаны профилактикалық іс-шараларға қатысты. Жиынға мемлекеттік құрылымдардың басшылары, әдеп жөніндегі уәкілдер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

1

Кеңес мүшелері Теректі ауданы әкімінің орынбасары Дархан Әбдіресовке қатысты тәртіп-тік істі қарады. Мемлекеттік қызметкер белгіленбеген уақытта қызметтік аутокөлікті жеке мақсатта пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Әкім орынбасары мұндай әрекетке амалдың жоқтығынан барғанын айтты. Өйткені сол шақта оның алыс ауылдағы ағасы өмірден өткен. Ауылға барып, қаралы жиыннан соң кері қайтар шақта келіскен такси шықпайтын болып қалыпты. Одан басқа көлік табылмаған. Сол себепті аудан әкімінің орынбасары қызметтік көлікті алдыртқан. Ауылдан қайтып келе жатқан кезде көлікті полиция қызметкерлері тоқтатып, құқықбұзушылықты тіркеген. Теректі ауданының әкімі айыппұл төлеген.

Заңнама талаптарына қайшы әрекетін мойындаған шенеунік өз қателігін түсінетінін айтты. Кеңес мүшелерінің ортақ шешімімен оған «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Екінші тәртіптік іс Бәйтерек ауданы ішкі саясат бөлі-мінің басшысы Әли Темірбаевқа қатысты болды. Ол жұмыстан тыс уақытта қоғамдық орында алкоголь тұтынған. Бұл әрекет әкімшілік құқықбұзушылық талаптарына сәйкес тәртіпке сай келмейді.

– Бұл жағдай 4-5 ай бұрын орын алған. Достарыма қонаққа барғаннан кейін такси күтіп тұрған сәтте полиция қызметкерлері тоқтатып тексерді. Сыра ішкенім анықталып, әкімшілік хаттама толтырылды. Мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеймін, – деді Әли Темірбаев.

Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Серік Сүлеймен мемлекеттік қызметшінің қоғамдық орында мас күйде жүруіне болмайтынын айтып, мұндай жағдайда қатаң сөгіс беру қажеттігін алға тартты. Дегенмен  кеңес мүшелерінің шешімімен бөлім басшысына ескерту берген жөн деп танылды.

Кеңес отырысында дербес мемлекеттік құрылымдарда профилактикалық-түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі, басшылық тарапынан бақылау тетіктерінің әлсіздігі де тілге тиек етілді. Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдепті сақтап, адалдық қағидатын ұстануы қоғамның мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыратынын атап өтті.

– Кеңесте қаралған тәртіп-тік істер бойынша материалдар аудандардың әкімдеріне жолданып, лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде ұсынымдар беріледі. Сонымен қатар профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде бірнеше мемлекеттік қызметшінің құқықтары қалпына келтірілді, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале