21.09.2023, 15:45
Оқылды: 60

БҚО-да экспорт көлемі 1,8 есеге өскен

Елімізде қыркүйектің соңғы жексенбісінде Машина жасаушылар күні атап өтіледі. Машина жасау – елде қарқынды дамып келе жатқан сала, облыс экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Өңірдегі мұнай-газ кен орындары аталмыш саланы дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде облыста осы бағытта жұмыс істейтін 94 шағын, 3 орта және 4 ірі кәсіпорын бар. Олардағы жұмысшылардың саны соңғы 3 жылда 4,2 мың адамнан 4,4 мыңға дейін артқан.

2964587F-9DFB-4A25-8E25-C26A254A01A7

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жанна Бекқалиеваның мәліметінше, өңірдегі машина жасау саласының  өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі – 22,5%.  Соңғы 3 жылда өндіріс көлемі 41,4 млрд теңгеден 59,2 млрд теңгеге (116,%) дейін ұлғайған. Биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 1,3 есе артып, 36,2 млрд  теңгені  құрап  отыр.

– Машина жасау саласы – «Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған  тұжырымдамасының» басым бағыттарының бірі. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстағы экспорт көлемі 31,5 млн АҚШ долларын құрап, 1,8 есе өсті. Бұл ретте экспорттағы жоғары технологиялық тауарлардың көлемі де 1,8 есе артып, 30,6 млн АҚШ долларын құрады. Сыртқы нарыққа шығарылатын тауарлардың негізгі түрлері – трансформаторлар мен кемелер, қайықтар және басқа арнайы тауарлар. Сала кәсіпорындарының негізінде бірқатар жаңа өндіріс орны ашылды. Атап айтқанда, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ негізінде мұнайды жылыту пештерінің көптеген түрін өндіре бастады. 2022 жылы компания «Қазтрансойл» АҚ тапсырысы бойынша мұнай қыздыратын ППН-10 пешін орнатты.

«Оралагрореммаш» АҚ базасында «IVECO» шассиі негізінде автобус жинайтын және ершікті тартқыш (седельный съемник) өндірісі игерілді. Сондай-ақ «ПетроВалвз Қазақстан» ЖШС-ында шар крандарын, клапандар мен ысырмаларды өндіру және жөндеу зауыты іске қосылды, – деген Жанна Палатқызы өзге де атқарылған жұмысты атап өтті. Мәселен, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ ауыз су дайындауға арналған кешенді блок модультіркемесі мен аспалы қозғалтқышы бар алюминий қайықтар өндірісін іске қосқан. Сонымен бірге аталмыш компания суасты аппаратының өндірісін игеруді жоспарлап отыр. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС қуаттылығы 6-10-20 кВ құрғақ трансформаторлар, бетонмен қапталған трансформаторлық қосалқы стансасы өндірісін іске қосты. «Continental Іnternational.kz» ЖШС былтыр 4-тен 12 дюймге дейінгі фланецтер, қуаттылығы жылына 48 мың данаға дейін  түтік (заглушка)  өндіруді  бастады.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC, KPO және мұнай-газ кен орындарының басқа операторларының нысандарында орнатылған газ айдау агрегаттары мен энергетикасына арналған газтурбиналық қондырғыларға күрделі жөндеу және сервистік қызмет көрсететін сынақ стенді бар мультивендорлық сервистік орталық құруды мақсат етіп отыр. Ал «Орал «Зенит» зауыты» АҚ су сыйымдылығы 720 мың тоннадан асатын кеме өндірісін игеруде. «Орал Кабель»ЖШС алюминийден кабель өн-дірмек. Басқарма басшысының орынбасары атқарылып жатқан жұмыстың аталған саланың дамуына өзіндік үлесін қосатынына сенімді. Осы орайда жалпы елдегі машина жасау саласының жай-жапсарына қысқаша тоқталайық. Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мұқановтың айтуынша (primeminister.kz), елде машина жасау саласы қарқынды дамып келеді. Биылғы 6 айда осы саладағы өндіріс көлемі – 1,8 трлн теңге (28,8%-ға өскен). Былтырдан бері термосвагондар өндірісі («Cool infinity», СҚО), аутомобиль шиналары («KamaTyresKZ», Қарағанды), мобильді бұрғылау қондырғылары («Қазақстандық мұнай жабдықтары зауыты», Ақтөбе) сияқты жобалар іске асқан. Алдағы күндері елімізде ұста-бандаж кешенін өндіру зауыты, тұрмыстық техника, сорғы жабдықтарын, асинхронды электр қозғалтқыштарын өндіру, жел қондырғыларына арналған конустық мұнаралар өндірісі секілді бірқатар жаңа жобаны қолға алу жоспарлануда. Басқарма төрағасының осы саланы дамытуға қатысты ұсыныстары да бар. Біріншіден, ҚР «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңының 60-бабына сәйкес машина жасау саласын шикізатпен және материалдармен қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, ҚР «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңының 46-бабына сәйкес отандық машина жасау өнімдеріне сұранысты ынталандырған жөн. Оның айтуынша, бұл іс-шаралар өндірісті ұлғайтуға, импортты қысқартуға және тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға  мүмкіндік бермек.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале