23.01.2019, 19:28
Оқылды: 106

БҚО-да «Электронды архив» жобасы таныстырылды

Бүгін облыстық мемлекеттік мұрағат ғимаратына арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгіновке «Электронды архив» жобасы таныстырылды.

IMG_4867

Дөңгелек үстел отырысында сөз алған облыстық мемлекеттік архивінің директоры Айжан Сауғабаеваның айтуынша, «Бірыңғай электронды архив» архивтік анықтамалар мен классификаторларды орталықтандыра жүргізуге, мәліметтердің бірыңғай базасында архивтік қор, тізімдеме және істер бойынша ақпараттарды сақтауға, архивтің толықтыру көздері бойынша есепті жүргізуге, автоматты іздестіру түрін көбейтуге, зерттеушілерге электронды оқу залының қызметін, архив қызметкерлері үшін бизнес-үдерістерді автоматтандыруға жағдай жасайды. Платформа ғылыми-анықтамалық ақпарат, толықтыру көздері, архивтік қор, оқу залы, біріктіру, әкімшілік орталық сынды бірнеше модульден тұрады. – Сандық жүйені енгізу арқылы электронды сандық қолтаңбасы бар әр адамға виртуалды оқу залынан қор тізімі мен тізімдемелерді, цифрланған құжаттарды қарауына мүмкіндік береміз. Ол үшін зерттеушілер www.muragat-bko.gov.kz сайтына тіркеліп, өзіне қатысты мәлімет қорын толықтырып, құжатты қарауға тапсырыс береді. Кейін оның жеке кабинетіне құжат көшірмелерін жолдаймыз, – деді Айжан Сауғабаева. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ауқымында «Электронды архив» жобасын жүзеге асыруға былтыр облыстық бюджеттен 110 050, 354 мың теңге қаражат бөлінді. Оның ішінде «Электронды архив» бағдарламасын жасақтауға 26,3 млн., сервер қызметіне 36,65 млн. және автоматтандыру бөлімінен үш штат бірлігін ашуға 3,29 млн. теңге бөлінді. – Тарихи құжаттарды сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде архив қызметінің рөлі зор. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Архив – 2025» бағдарламасы жөнінде жазғаны мәлім. Бүгін мекеме ұжымымен және мұрағат саласында қызмет еткен ардагерлермен кездесудің сәті түсіп отыр. Облыстық мемлекеттік мұрағат ғимаратын араладым. Мұрағат қоймасының іші өте салқын екенін байқадым. Ал мұндай жағдайда құжаттар мен іс қағаздарын сақтау оңайға соқпайды. Қазіргі заман – жаңа технологиялар дәуірі. Соның құжаттарды цифрландыруды жеделдету қажет. Мекемеге бір құжаттың көшірмесін 0,30 секунд ішінде жасап, оны электронды нұсқаға айналдыратын құрылғы сатып алынды. Әрине, құжаттардың түпнұсқасы теңдессіз мұра есебінде сақталады. Жастар жылының салтанатты ашылуында Елбасы тарихи мұраларды насихаттаудың ұрпақ үшін маңызы зор екенін айтты, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов. Дөңгелек үстел отырысында мұрағат саласында ұзақ жыл қызмет еткен Әбухан Карин, ардагер Александр Колесников, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаева сөйлеп, архив құрылымдарының сандық жүйеге көшуін құптайтынын жеткізді. Айта кетейік, облыстық мемлекеттік архив негізі 1923 жылы қаланған. Архив қоймасындағы басқару және жеке құрамды құжаттар сақталу мерзімі 1919, жеке тектік құжаттардікі 1886, газеттердікі 1860 жылдардан бастау алады. Мекеме ғимараты 1978 жылы бой көтергенімен, күрделі жөндеу жүргізілмеген. Он жыл бұрын оған жапсарлас қосымша ғимарат салынған.

IMG_4863

IMG_4836

Нұртай Текебаев,

суреттерді түсірген Темірболат Тоқмамбетов

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале