"Атамекен" өнер ордасында Халықаралық отбасы күніне арналған "Еңбегі жанған арулар" атты іскер әйелдер форумы өз жұмысын бастады. Форумға обылыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының Президенті Раушан Сәрсембаева, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева, ҚР Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко қатысуда.
Форумның ашылу салтанатында сөйлеген аймақ басшысы "Мен баршаңызды халықаралық отбасы күнімен құттықтаймын. Мемлекеттің басты саясаты отбасы құндылығын, ана саулығы мен бала амандығын нығайтуға бағытталып отыр. Бұл күн біз үшін ерекше мереке. Біздің елімізде соңғы әзірде кәсіпкерлік кең көлемде дамып келеді. Соның ішінде әйелдердің бизнестегі санын көбейту бағытында да жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша бизнестегі қыз-келіншектердің саны 50% асып отыр. Облыстағы сән салондары мен тігін цехтарын айтпағанда кейбір ірі кәсіпорындар мен жеке балабақшалардың жұмысын әйелдер жүргізіп отыр. Сіздер тазалық пен мейірімнің үлгісі болып қала бересіздер. Әр бастамаларыңызға сәттілік тілеймін", - деді форумда сөйлеген облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Форумға облыстағы ірі кәсіпкерлік нысандарының жетекшілерімен қатар кәсібін енді бастаған жас кәсіпкер қыз-келіншектер де қатысып отыр.
"Біз әйелдер не жасасақ та жанымызбен беріліп жасаймыз. Отбасын құрамыз, оны сақтау, бала өсіру біздің мойынымызда. Біз осы құндылықтарды ұмытпай әрі бизнесті де алып жүрміз. Біздің әйелдер өздеріне ғана көмектеспей, жаңа жұмыс орындарын ашып өзгеге, салық төлеп мемлекетке де пайда тигізіп отыр. Әрине ер адам қашанда биік тұрады. Бірақ қолда барды сақтап қалу, әдемі болу тек әйелдің ғана қолынан келеді", - деді ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының Президенті Раушан Сәрсембаева.
Форумға көршілес Атырау, Ақтау және Алматыдан келіп қатысып отырған бизнесмен әйелдер бар.