Казталов ауданы Ақпәтер ауылында ауыл шаруашылық техникасынан жасақталған ашық аспан астындағы экспозиция және 12 қанатты киіз үй, кеңес дәуірінде еңбек еткен қайраткерлердің бюст аллеясы ашылды.
Еліміздің еш жерінде жоқ ерекше музейдің ашылуына Ақпәтер ғана емес, өңір тұрғындары арасында ерекше құрметке ие азамат Кәрім Өтеғұлов мұрындық болды. «Республика күні» мерекесіне орай пайдалануға берілген музейдің ашылуына облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
- Ел тәуелсіздік алғалы тарихымызды түгендеп, өткенімізге орынды бағасын бере бастадық. Тәуелсіздіктің арқасында оңымыз бен солымызды танып, елеулі тұлғаларымызды ұлықтауға мүмкіндік алдық. Ақпәтерде келешек ұрпаққа мұра болар музей ашылды. Бұндағы құнды жәдігерлер өткенді ұмытпай, болашаққа нық қадам басуға сеп болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік салаға соның ішінде мәдениет пен спортқа ерекше көңіл бөледі. Ал бүгін көпшілікке ұсынылған ашық аспан астындағы музей мен ел ағаларына қойылған тұғырнама және қазақтың өмірінен сыр шертер киіз үй балғындардың еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз, — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Одан соң өңір басшысы ел тарихын түгендеп, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуге атсалысып жүрген Казталов, Жаңақала ауданының «Құрметті азаматы», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Кәрім Өтеғұловқа ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасын табыстады. Сондай-ақ ауыл, аудан мәдениетінің дамуына үлес қосқан Ақпәтер музейінің экскурсоводтары Бекзат Қожахметова, Даражат Өтеғұлова және Меңдіхан Бақтығалиев ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Армен Жүдебаевтың Алғыс хатымен марапатталды.
Одан бөлек бірқатар ел азаматы облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Ақпәтер жұрты ауыл тарихына бей-жай қарамайды. Ауыл музейі осыдан он жыл бұрын ашылған. Содан бері қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осы күні жәдігерлер мекені кеңейді. Ауылдың өткені, Ақпәтерден түлеп ұшқан елге танымал азаматтардың өмірбаяны мен суреттері ілінген. Енді музей тағы кеңіп аспан астынан бұрынғының техникасы мен қазақтың 12 қанатты киіз үйіне және ауыл қайраткерлеріне орын берілді.
- Музей елге өткенін танып, келешегіне көз салуға мүмкіндік береді. Тарихты түгендеп, жәдігер жинаудағы басты мақсатымыз да ұрпаққа дұрыс тәрбие беру. Бірнеше дәуірдің тарихын, өз заманында еңбек еткен тұлғалардың атын ұмытпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу ге осы мұражай сеп болсын, - деді ауыл музейін ашып, оның қалтқысыз қызмет етуін қамтамасыз етіп жүрген Кәрім Өтеғұлов.
Одан соң көпшілікті музей ашылуымен Гүлнизат Дүйсенғалива құттықтады.
Ел тарихын түгендеген жаңа музейде ХІХ, ХХ ғасырларда халық пайдаланған дүниелер, ауыл шаруашылығында пайдаланған техника қойылған. Жел диірменнің бөлшектері, ұсталар пайдаланған ауыр төс, Ақпәтер мен Алғай арасында қатынаған қайық зәкірі де көпшілік назарына ұсынылыпты. Неше түрлі комбайн мен «Победа», «Волга», «УАЗ» көліктеріне де орын табылыпты.
Кеше мен бүгінді байланыстырған ерекше музей Ақпәтерге келушілер санын артырарына сенім мол.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz