Оралда түрлі бережақтары бар көлік иелерін анықтау мақсатында рейдтік шаралар жүргізілуде.
БҚО полиция және мемлекеттік кірістер департаменттерінің бірлескен жоспарына сәйкес осылайша жылжитын және жылжымайтын мүлік үшін салық, жылу және электр қуаты үшін төлемақы төлемеген, әкімшілік айыппұлын өтемеген жеке тұлғаларға шара қолданылуда.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 19-23 қазан аралығында иелері 1 млн 301,499 мың теңге қарыздан құтылмағаны үшін 21 автокөлік ұсталды. Соның ішінде өтелмеген айыппұл бойынша (153 729 теңге) 13, көлік құралдарына салық төлемеу бойынша (211 588 теңге) 5, заңды тұлғалардың берешегі бойынша (836 933 теңге) 2 және банктік зайым бойынша (99 219 теңге) 1 автокөлік тоқтатылды.
Жыл басынан бері сот шешімдеріне сәйкес иелерінен қарызды мәжбүрлеп өндіру үшін 868 автокөлік ұсталды. Соның ішінде иелері салық, жылу және электр қуаты үшін 841 млн 008,599 теңге қарызды толықтай өтеуі үшін 244 көлік арнайы тұраққа қойылды. Сонымен қатар 27 млн 120,113 мың теңге төленбеген әкімшілік айыппұлдар бойынша 593 автокөлік тоқтатылды.
Елжан ЕРАЛЫ,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!