13.07.2021, 21:38
Оқылды: 34

БҚО-да індеттің таралу көрсеткіші көбеюде

Індетке байланысты жаздағы қарбалас тағы күшейетін сыңайы бар. БҚО әкімі Ғали Есқалиев жедел штаб отырысында коронавирустың таралу көрсеткіші былтырғыға қарағанда 2,5 есе жоғары екенін хабарлады. Соған сәйкес облыс қатаң карантин режиміне оралады.

FE3E89C4-385C-4730-BD95-896A183A06BB

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың мәліметіне сүйенсек, шілде айының басынан бері коронавирустың таралуына байланысты 2156 жағдай тіркелген. Соның ішінде 1594 науқаста ЖРВИ белгісі бар. Бір аптада аурушаңдық 17,4 пайызға өсіп отыр. Маусым мен шілде айларының 12 күндік есебін салыстыра қарағанда, аудандарда эпидахуал күрт нашарлағаны байқалады. Мысалы, коронавирус штамдары анықталған адам саны Жәнібекте 14-тен 40-қа (өсу көрсеткіші - 65%), Шыңғырлауда 24-тен 62-ге (62%), Казталовта 47-ден 96-ға (51%) артқан.

442C430E-EDFF-43B5-AE6A-EF870229E30E

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков шілдеде вакцина алу қарқын алғанын (маусымда – 945,  шілдеде – 3190) хабарлады.  Бұған дейін мұндай белсенділік сәуір айында байқалған. Жалпы ресейлік «Спутник V» өнімінің 247 050  дозасы (І компонент – 151 500, ІІ компонент – 95 550), отандық «QAZVAС» өнімінің 7 000 дозасы (І – 3 500 доз, ІІ – 3 500),  арабтың «Hayat - Vax» өнімінің 50 000 дозасы (І – 25 000, ІІ – 25 000), қытайлық «CoronaVac»-тың 16 000 дозасы (І – 8 000, ІІ – 8 000) егіліпті. Қазіргі кезде науқас қабылдайтын реанимациялық орындардың 61,2%-ы, инфекциялық стационарлардың 50,7%-ы толған.

D5AE9FAD-E405-45C7-954F-0FBEEA16514E

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков мониторинг топтары тексерген нысандардан 214 заңбұзушылық анықтағанын хабарлады. Қала басшысы той-томалақ және ас беру рәсімін өткізген мейрамханалар мен банкет залдары айыппұл төлегенін айтты. Әкімшілік жауапкершілікке бірнеше мәрте тартылғанына қарамастан, кейбір нысан карантин талабын бұзудан қыңбай отыр екен. Бұл жолы кәсіпкерлер де қулыққа басқанға ұқсайды. Тойханаларды жеке тұлғаларға келісімшарт арқылы жалға беріп қояды. Соның кесірінен жауапкершілікті мойнына алған екінші тараптың тұтылуына себеп болып, өздері заңды тұлға ретінде төлеуі тиіс көлемді айыппұлдан «құтылып» кетіп отыр. Тіпті сот органдары да мейрамхана-тойханалардың қызметіне уақытша шектеу қоюдан «жалыққан көрінеді».

1903C3CE-B5AF-420B-BC0A-69BB49413885

Облыс әкімі Ғали Есқалиев бұл жағдайда мемлекеттік кірістер департаментінің көмегіне жүгініп, тәртіпті босаңсытпай, кінәлі тарапты нақты анықтау керектігін ескертті. Шаһар басшысына қоғамдық көліктерде санитарлық талаптардың сақталмай жатқанын фотоайғақ арқылы көрсетіп, жолаушыларды сақтандыру шараларына еріктілерді тартуды тапсырды. Абат Шыныбеков санитарлық норманың сақталуын жүйелі қадағаламайтын автобус паркі иелеріне айыппұл салу немесе оларға төленетін субсидия қаржысын шегеру бойынша шешімдер қабылданып отырғанын тілге тиек етті.

A0277098-40CB-4A9F-A94B-03602B5DBF70

Қазіргі уақытта «Ashyq» қосымшасына облыс бойынша 610-нан астам нысан тіркелген. Қазіргі уақытта осы қосымша арқылы 54 (28-і – «қызыл», 26-сы – «сары» дәрежесі) адамның карантин талабын сақтамай, көше кезіп жүргені анықталған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске сай бес хаттама толтырылып, жауапсыз тұрғындарға 218 775 теңге айыппұл салынды. Жедел штаб отырысында облыстың бас санитары Мұхамғали Арыспаев әлемді шарпыған коронавирустың үнді және британдық штамы облыста да тез таралып жатқанын тілге тиек етіп, 17 шілдеден бастап карантин талабын күшейтуді ұсынды. Жаңа қаулыда сауда үйлерінің, спорт кешендерінің жұмыс кестесін қысқарту, «Ashyq» қосымшасына тіркелмеген нысандар қызметіне тыйым салу, демалыс күндері қоғамдық көлік пен ашық базарлар жұмысын уақытша тоқтату қарастырылған. Облыс әкімі Ғали Есқалиев карантин режимін күшейтуді қолдайтынын айта келіп, алдағы Құрбан айт мерекесінде тұрғындар арасында санитарлық ережені қатаң сақтауға үгіттеу жұмысын жандандыруды тапсырды.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале