ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов және ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Ғани Бейсембаев Орал қаласының №18 мектеп-балабақша-бөбекжай кешеніне барып, білім саласы бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар және жұмыс жоспары жөнінде ақпаратқа қанықты.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың айтуынша, өңірде шағын жинақты 216 мектеп бар. Оның ішінде 198 мектептің ғимараты – 1980 жылға дейін салынған құрылыс нысандары. Саман тастан салынған 48 мектеп апатты жағдай алдында тұр. Облыс бойынша соңғы 2 жылда 4 жаңа мектеп, бір мектепке жапсарлас құрылыс салынып, 28 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Жаңадан 2 жеке мектеп ашылды. Төрт білім ордасының салынуы нәтижесінде 2 апатты және 4 үш ауысымды мектеп жойылды. Өңірдегі үш ауысымды және апатты мектептерді жою мақсатында қазіргі уақытта 8 мектептің құрылысы жүргізілуде. Олардың алтауы – мемлекеттік бюджеттің, екеуі – жеке инвестицияның есебінен салынуда. Жыл соңына дейін алты мектептің құрылысы аяқталмақ.
– Мемлекет басшысының 2025 жылға дейінгі 1000 мектеп ашу туралы тапсырмасына сәйкес өңірімізде 77 мектептің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Оның қатарында алты мектептің құрылысы биыл аяқталады.
«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының әлеуметтік-инвестициясы есебінен шағын жинақты 16 мектеп салынады. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда. 16 мектептің 8-і биыл пайдалануға беріледі. 2022 жылы облыс бойынша 24 мектеп салу жоспарлануда. Оның 19-ы шағын жинақты мектеп болмақ. Жаңа мектептердің құрылысын бастау үшін 3 миллиард теңге қаражат қажет, – деген Бақытжан Хаберұлы Үкімет басшысынан осы мәселенің шешімін табуға қолдау білдіруді сұрады.
– Білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай педагогтардың еңбекақылары жылдан-жылға көбейіп келеді. Биыл республика бойынша 200-ге жуық мектеп салынады. Соның алтауы бюджет қаражаты есебінен Батыс Қазақстан облысында бой көтереді. Өңірде білім саласына қатысты қордаланған біраз мәселе бар. Облыс бойынша апатты жағдайдағы 6, үш ауысымды 3 мектептің мәселесін шешу қажет. Сонымен бірге мемлекет бюджеті есебінен ғана емес, жеке инвестиция тарту мәселесін пысықтау қажет, – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
№18 мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің директоры Аслан Шахаровтың айтуынша, мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауын іске асыру аясында үш ауысымдық оқыту жүйесін жою үшін республикалық бюджет есебінен кешенге арналған 300 орындық ғимарат салынды. Қазіргі уақытта мектепте 1-9 сыныптар аралығында 285 оқушы білім алуда. Мектеп алды даярлық тобында 34 тәрбиеленуші бар. Алдағы оқу жылында 10-11 сыныптар ашылмақ. Жаңа ғимарат құрылысы 2021-2022 жылдары жүргізілді. Білім ошағының жалпы аумағы – 7,9 мың шаршы метр. Жоба құны – 1,5 млрд теңге. Мектеп ұжымы 600-ге дейін оқушы қабылдауға жұмыстануда.
Нұртай Текебаев,
zhaikpress.kz