Бүгін Оралда Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған қаржы саласының ардагерлері мен қаржыгерлер, облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, БҚО облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, «Қызмет» БҚО мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Серік Сүлеймен, БҚО бойынша тергеу комиссиясының төрағасы Әлібек Қадырбеков қатысты.
- Қарашаның 15-і қазақ елі үшін ерекше маңызға ие. Өйткені бұл күні егемен еліміздің тәуелсіздігінің ерекше белгісі саналатын ұлттық валютамыз теңге айналымға енді. Бұл күн еліміздің экономикалық кеңістігін қалыптастырып, қаржы рыногындағы даму негізін қалады. Еліміздің халықаралық аренада танылуына әсер етті. Ұлттық валюта күнінің қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келуі тегін емес. Олар ұлттық валютамызбен тікелей жұмыс істеп, оның айналымын ұдайы қадағалап отырады.
Бүгін кең байтақ қазақ елінің әр аймағындағы қаржыгерлер мен аталмыш орган қызметкерлері өз тараптарына жолданған жүрекжарды құттықтауларды қабылдауда. Олардың арасында өз ісіне жан-тәнімен берілген, мол тәжірибелі, жоғары білікті маман өте көп. Біздің өңірде экономикалық өсімді қамтамасыз ету және тұрғындардың әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытында қаржылық сауаттылыққа орай алға қойған міндеттер оңтайлы шешілуде.
Барлық қаржы саласы қызметкерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, ертеңгі күнге деген зор сенім, тұрақтылық пен табыс тілеймін, - деді жиында облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов.
Одан соң Тілепберген Ерсайұлы қаржы саласына еңбегі сіңген қызметкерлерді марапаттады.
БҚО-дағы қазынашылық департаментінің басшысы Ермек Сүйербаевтің кеудесіне "Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасына 30 жыл" медалі тағылса, аталған департамент басшысының орынбасары Арман Балғайшиев пен БҚО бойынша Ішкі аудит департаменті басшысының орынбасары Қайролла Нұрмұқанов "Қаржы қызметінің үздігі" төсбелгісімен марапатталды.
Одан бөлек қаржы саласында жемісті қызмет етіп жүрген Гүлнара Сисекенова, Әсел Мұрзахметова, Назгүл Қабашева, Майра Қаржауовалар Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің алғысхатына ие болды.
Сондай-ақ Назгүл Қайсағалиева, Марина Мирская, Асхат Құдайбергнов, Шолпан Мұханбетова, Самал Такеева сынды қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің алғысхаты берілді.
Салтанатты жиында қаржы саласының ардагерлері мен үздік қызметкерлеріне облыс әкімінің, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының, "Қызмет" БҚО мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының алғысхаттары, "Белсенді қызметі үшін" төсбелгісі, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің "Экономика саласын дамытуға қосқан үлесі үшін" медалі, Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласының құрметті қызметкері" төсбелгісі, БҚО-дағы тексеру комиссиясының "Тексеру комиссиясының үздігі" және"Ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін" төсбелгісі, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО-дағы департаментінің алғысхаттары табысталды.
Сондай-ақ БҚО облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, "Қызмет" БҚО мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Серік Сүлеймен, БҚО-дағы тергеу комиссиясының төрағасы Әлібек Қадырбековтер де қаржыгерлерді мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Түгелбай Бисен,
Мади Салық
zhaikpress.kz