Бүгін Орал қаласына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесінің түзету мекемелерінде ұсталатын адамдарды медициналық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Айтбаев Рустем Сапаралыұлы келді. Ол бірден Орал қаласындағы РУ-28 қатаң режиміндегі колониясына барды. Ол жерде Рустам Айтпаевпен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Токсанов 3 тамыз күні болған жағдайдан зардап шеккен сотталушылар мен олардың ата-аналарымен кездесті.
Орал қаласындағы №28 қатаң режимдегі колониясында барлығы 743 адам жазасын өтеп жатыр. Тамыз айының үшінші жұлдызы күні өткен кезекті тінту жұмыстарының соңы тәртіпсіздікке ұласып, әлеуметтік желіде таяқ жеген сотталушылардың видеосы тараған болатын.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі облыстық ауруханаға жеті сотталаушының жеткізілгенін айтты.
-Оларға дәрігерлік көмек көрсетілген. Оқиға болған күні яғни, үшінші тамыз қалалық көпбейінді ауруханаға 11 адам жеткізілген. Қазіргі уақытта облыстық ауруханада екі жазасын өтеуші ем алып жатыр. Олардың біреуіне операция жасалған, ал екіншісінің кеудесі мен жағы зақымданған,- деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бүгінде облыс бойынша екі түрме, бір тергеу изоляторы бар. Екі түрмеде бүгінгі уақытта 1436 адам жазасын өтеп жатыр деді РУ-28 мекемесі басшысының міндетін атқарушы Қанат Алпысбаев.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz