24.12.2024, 11:00
Оқылды: 329

БҚО-да қауіпсіздік шаралары күшейеді

Жуырда өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше  жағдайлар департаменті өрт бақылау басқармасының басшысы Мереке Жұмағалиев пен Орал қалалық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жантемір Иманалиев Жаңа жыл мерекесіндегі қауіпсіздік шаралары турасында баяндама жасады.

орал кала (2)

Мереке Бауыржанұлының баяндауынша, биыл жыл басынан бері облыс аумағында 721 өрт оқиғасы тіркеліп, өрттер саны өткен жылмен салыстырғанда 30,1%-ға артқан. Өртте 5 адам қаза тауып, 11 адам жарақат алса, өрттен келтірілген шығын 473 421 500 теңгені құрады.

– Қазіргі уақытта Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығына сәйкес өрт қауіпсіздігі айлығы өтіп, департамент жергілікті атқарушы құрылымдармен, мүдделі тараптармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды пайдалану көбейетіндіктен, өрттің алдын алу үшін кең ауқымды үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Департамент жаңажылдық ісшараларды өткізу үшін 400 нысанды есепке алып, олардың өрт қауіпсіздігі тексерілуде. Сонымен қатар дәріс өткізіліп, үгіт-насихат материалдары таратылды. Пиротехникалық бұйымдарды сатуға лицензиясы бар сауда нүктелерінде 43 рейдтік іс-шара өткізіліп, 7 әкімшілік хаттама толтырылды. Жаңа жыл қарсаңында төтенше жағдайлар департаменті жұртшылықты өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады, – деді М. Жұмағалиев.

Орал қалалық полиция басқармасы да Жаңа жыл мерекесі қарсаңында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында биылғы 30 желтоқсан мен 2025 жылғы 4 қаңтар аралығында күшейтілген қызметте жұмыс істейді. Бұл кезеңде жедел штаб құрылып, қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Полиция нарядтары көбейтіліп, бейнебақылау камералары арқылы бақылау күшейтілмек. Сонымен қатар Ұлттық ұлан қызметкерлерімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылып, жол-көлік оқиғаларын алдын алу және жаяу жүргіншілермен жұмыстану мақсатында жаяу бекеттер саны арттырылмақ.

– Полиция қызметкерлері мектептерде балаларға жол ережелерін үйретіп, «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық шарасын ұйымдастырады. Сонымен қатар пиротехникалық бұйымдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Орал қаласында 5 желтоқсан – 3 қаңтар аралығында «Пиротехника» атты алдын алу шарасы өткізілуде, 17 рейдтік тексеру жүргізілді. Қала тұрғындарынан Жаңа жыл мерекесі кезінде қоғамдық қауіпсіздікті сақтауды, өз мүліктерін қорғауды, жасөспірімдерге бақылауды күшейтуді және көлік жүргізушілеріне көшелердің уақытша жабылуын ескере отырып, маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз, – деді Жантемір Танатарұлы.

Арда Ахметжан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале