Бала туған сәтінен бастап қоғамға жат өмір салтын ұстанған, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланған анасымен бірге тұрған. Анасы қараусыз қалған үйді бөгде адамдардың тұрақты жиналатын орнына айналдырған.
Бала ешқашан мектепке бармаған, оқып-жазуды білмеген, ал тамағы мен киімін қоқыс үйіндісінен тауып отырған.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның бастамасымен бала үш ай мерзімге арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына орналастырылған.
Одан кейін, 2026 жылы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы және білім басқармасының бұйрығы негізінде бала отбасылық үлгідегі балалар ауылына қамқорлыққа берілген.
Анасы осы уақыт ішінде ұлына бір рет те келмеген, оның тағдырына немқұрайлы қараған.
Жауапкер сот отырыстарына шақырылғанына да қарамастан, оларға келмеген.
Сот талқылауына қатысқан психологтың қорытындысына сәйкес, баланың ауыр психологиялық жарақаты бар және анасына деген эмоционалдық байланысы толығымен жоғалған. Бала анасынан қатты қорқады, өйткені оның өзін қайтадан қоқыс үйіндісіне алып кетуінен қауіптенеді.
Бала балалар ауылында тұрғанды ұнататынын, себебі мұнда таза төсек және жақсы тамақ бар екенін айтқан.
Осы мән-жайларды ескере отырып, сот анасының ата-ана міндеттерін қасақана және ұзақ уақыт бойы орындаудан жалтарғанын, сондай-ақ оның өмір салтын өзгертуге ниеті болмағанын дәлелденген деп таныды.
Анасы ата-ана құқықтарынан айырылды. Одан баланы асырауға алимент өндіріліп, олар баланың жеке депозиттік шотына аударылуға тиіс.
Жоғарғы Соты баланың құқықтары мен мүдделері қорғалғанын хабарлады.
Сот шешімі заңды күшіне енді.