Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы АҚ төрағасы Мағзұм Мырзағалиев көпфункционалды спорт кешенінің алғашқы іргетасын қалады. Бұл спорт кешені облыстағы ең үлкен кешен болмақ.
Көпфункионалды спорт-сауықтыру кешенінің капсуласын орналастыру салтанатты жиынында облыс әкімі елімізде кәсіби спортты дамыту ісіне ерекше көңіл бөлініп жүргеніне тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы спортты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады. Оның үстіне елімізде 2020-2025 жылдарға арналған дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөнінде кешенді жоспар қабылданды. Осы орайда, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тоғыз ауданда спорт кешені пайдалануға беріліп, төрт кешеннің құрылысы жүріп жатыр. 2024 жылдың соңына дейін біз барлық ауданды дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен қамтимыз», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Құрылысы енді басталған спорт кешенінде бокс, күрес залы, үстел теннисі залы, бассейн, садақ ату, тир залы, өрмелеу қабырғасы, батут залдары болады деп жоспарланған.
Спорт кешені 2024 жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Жалпы облыстың спортта жеткен жетістігі мақтануға тұрарлық. Бұл туралы аймақ басшысы ерекше атап өтті.
- Соңғы екі жылда өңірдің 33 спортшысы Әлем чемпионы, 14 спортшысы - Азия чемпионы, 479 спортшысы - Қазақстан чемпионы атанды, - деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
zhaikpress.kz
»