Батыс Қазақстан облысында «Жасырын көші-қон - 2018» шарасы кезінде төрт күнде 445 шетелдік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, олар 17-20 қыркүйек аралығында елде болу ережесін бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 517-бабына сәйкес жауапкершіліктен құтыла алмады.
Сонымен қатар шекара аумағындағы және жекелеген жерлердегі тәртіпті бұзған 26 шетелдік 510-бапқа сәйкес жазаға ілікті. Қазақстанға шақырылған шетелдіктердің ереже бұзғаны үшін (518-бап) 111 қазақстандық азамат жауапқа тартылды. Шетелдік жұмыс күшін пайдалану ережесін бұзғаны және шетелдік азаматтың заңсыз еңбек еткені үшін (519-бап) 24 жұмыс беруші жазаланды.
Облыстық ішкі істер департаментінің қабылдау-тарату орнына құжатсыз жүрген 7 шетелдік жеткізілді. Сот шешімімен 49 адам елден шығарылды. Оған қоса елден шығарылғаны жөнінде сот шешімін орындамаудың 7, мемлекеттік шекараны заңсыз кесудің 2 дерегі анықталды.
Елжан ЕРАЛЫ,
zhaikpress.kz